Арыс қаласына қарасты ауылда «сергек» камерасы іске қосылады

0

Арыс қаласына қарасты Ақдала ауылдық округінде «Сергек» камерасы іске қосылады. Бұл туралы қала әкімінің орындасары Ерғали Қуандықтың жергілікті тұрғындармен кездесуі кезінде айтылды.

Ауылдық округ әкімінің міндетін уақытша атқарушы әрі әкімдік заңгері Руслан Төлетаевтың айтуынша, мұндай бақылау камерасы елді-мекендегі қауіпсіздік шараларын күшейту үшін қажет.

«Бейнебақылау камерасының бірі – «Арыс-Шымкент» тас жолы мен Ақдала ауылынан шығар жолдың түйіскен тұсында, ал екіншісі – ауыл орталығын кесіп өтетін күре жолдың бойына орнатылады деп жоспарланып отыр. Мұнда көзделген мақсат – жол апаты туындау қаупін бәсеңдетумен қатар, мал ұрлығы сияқты түрлі қылмыстық оқиғалардың алдын алу немесе оның жедел ізін ашу үшін қойылады», – дейді Руслан Сейітмұратұлы.

Жергілікті әкімдік өкілдерінің айтуынша, елді мекеннің озық технологиялы құрал-жабдықтармен жарақтандырылуы нәтижесінде халықтың қауіпсіздік мәселесіне қырағылығы артатын болады. Сонымен қатар, жақын күндері іске қосылатын «Сергек» бейнебақылау камералары облыстық және республикалық желілік жедел бейнебақылау камералары жүйесіне тікелей қосылады.

Айта кетейік, бұл күндері Арыс қаласы әкімінің міндетін уақытша атқарушы, қала әкімінің орынбасары Ерғали Қуандық бастаған әкімдік өкілдері мен дербес бөлім басшылары және сала мамандарынан құралған арнайы топ ауылдарды аралалап, тұрғындармен ашық диалог құру мақсатында кездесулер өткізуде.

Арыс қаласы әкімінің баспасөз қызметі


ПІКІР ЖАЗУ