Арыс: тұрғындар өтініші тыңдалып, мәселені шешу жолдары түсіндірілді
Арыс қаласы әкімінің міндетін уақытша атқарушы әрі қала әкімінің орынбасары Ерғали Қуандық пен әкімдік өкілдері және дербес бөлім басшылары бастаған топ қала әкімдігінде жергілікті тұрғындармен кездесуінде қоғам тарапынан бірқатар ұсыныс, пікірлер айтылды.
Соның бірі – орталық ауруханадағы «ЭКГ» мен «УЗИ» аппаратының 2-қабатқа орналасуы мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қиындық тудыратыны айтылған болатын. Бұл мәселеге қатысты жауап берген Арыс қалалық бас дәрігерінің орынбасары Лесхан Исаев тұрғындар тарапынан айтылған сын-ескертпеден соң, аталған медициналық құрылғылар орнатылған кабинет 1-ші қабатқа көшірілгенін тілге тиек етті.
Сонымен қатар, тағы бір тұрғын М.Дулатов көшесіндегі тротуар салынуын көше соңына дейін жеткізуді сұрады. Сол сияқты, Ә.Тәжібаев көшесімен қиылысар тұсқа жол белгілерін қою қажеттігі де айтылды.
Одан бөлек қаладағы орталық көшеде түннің жарымында автокөлік жарысын ұйымдастыратын жүргізушілерді жазалау мен беймезгіл уақытта салют ататындарды жауапқа тарту жөнінде құзырлы орган өкілдеріне ұсыныс берілді.
Кездесуден соң қала әкімінің орынбасары Е.Қуандық 9 азаматты жеке өтініші бойынша қабылдады. Ол жерде қаладағы кейбір көшелердің атауын реттеу мен электр бағаналарын ауыстыру, элетр қуатын күшейту және жеке баспанасының құжатын рәсімдеуге көмек сұрай келген жандарға сала мамандары тарапынан нақты жауаптар түсіндірілді.
Арыс қаласы әкімінің баспасөз қызметі