Бәйдібек: аудан әкімі Ақбастаулықтардың көкейде жүрген сұрақтарына жауап беріп, өзекті мәселелерді талқылады

0
4

Бүгін аудан әкімі Ержігіт Шәріпбеков Ақбастау ауылына барып, округ тұрғындарымен кезекті кездесуін өткізді. Округ орталығындағы Ш.Уалиханов атындағы мектептің ауласында ашық еркін форматта өткен кездесуде ақбастаулықтар көкейде жүрген сауалдарын қойып, бірқатар өзекті мәселелерді талқылады. Аудан әкімі  Ақбастау ауылдық округінде бұған дейінгі кездесулерде көтерілген мәселелердің жоспарға енгізіліп, тиісті жұмыстар атқарылып жатқандығын баяндады.

– Өздеріңізге белгілі ауылдық округ тұрғындарымен тоқсан сайын кездесіп жатырық. Мақсат халықпен тығыз байланыста болып, өзекті мәселелерді талқылап, шешу жолдарын қарастыру, нақты жоспарға сәйкес жұмыс жүргізу. Ақбастау ауылдық округіне 4 елді мекен қарайды. Аталған елді мекендердің мәселелерін мен жақсы білемін. Бұған дейінгі кездесулерде де айтқан болатынсыздар. Барлық айтылған ұсыныстарыңыз назарға алынды. Әрбір айтылған ұсыныстарыңыз жоспарға сәйкес кезең-кезеңмен жүзеге асатын болады, – деді Ержігіт Шәріпбеков.

Бүгінгі кездесу жиынында қойылған сұрақтар мен ұсыныстар бойынша аудан басшысы Ақбастау елді мекеніндегі Оспанов көшесінен бастап Жұлдыз көшесіне көше жарығын орнатуға ұсыныс беру,  Ақбастау елді мекенінің ауыз суына қосымша насос қоюды ұйымдастыру, Ақбастау елді мекеніндегі Бөген көшесіне аяқ жол салуға 2023 жылға ұсыныс беру, «Домалақ ана» кесенесінің маңынан өтетін облыстық маңызы бар КХ-3 «Ақсукент-Шаян» жол бойына жасанды жол бұдырын қою жұмыстарын ұйымдастыру, Тұрақты елді мекеніндегі ескі мектеп ғимаратына мәдениет немесе спорт үйірмелерін ашу бойынша тиімділігін зерделеп нәтижесін баяндау, Тұрақты елді мекеніндегі ескі мектеп ғимаратына қарауыл қызметкер алу бойынша жұмыстар ұйымдастыру, Ақбастау елді мекенінің жоғарғы жағынан келетін бұлақтарды қоршау, көзін  ашу бойынша шаруа қожалық иелерімен келісіп нәтижесін баяндау, Тұрақты елді мекенінің ортақ жайылымдық жерін кеңейту жұмыстарын жүргізу, Ақбастау елді мекенінің іші мен полигон айналасына тазалық жұмыстарын жүргізу, Ақбастау-Көктерек жол бойындағы қураған талдарды алу (түбімен) жұмыстарын ұйымдастыру, «Домалақ ана» кесенесінің айналасындағы қоршауды өзгерту бойынша ауыл тұрғындарымен келісе жобасын дайындап ұсыну жөнінде тиісті сала бойынша орынбасарлары мен бөлім басшыларына және ауылдық округі әкіміне мерзімін белгілеп нақты тапсырма жүктеді.

Кездесу барысында ақбастаулықтар округке көңіл бөліп, атқарылып жатқан жұмыстарға ризашылықтарын жеткізіп, аудан әкіміне алғыстарын білдірді.

Жиынға аудандық мәслихат хатшысы А.Кенехан, аудан әкімінің орынбасарлары, аудан әкімі аппаратының басшысы, аудандық мәслихат депутаттары, бөлім, мекеме басшылары қатысты.

Аудан әкімінің баспасөз қызметі


ПІКІР ЖАЗУ