Берденов ісі: Прокурорлар айыпталушыға қандай жаза сұрады?

0

 Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке жасалған қастандыққа қатысты айыпталушыға қандай жаза берілуі мүмкіндігі айтылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Прокурор Бауыржан Омарбеков мемлекеттік айыптау айыпталушыға қандай мерзімдегі жаза сұрайтынын мәлімдеді.

Тараптардың жарыссөзі барысында прокурор айыпталушы Ернар Жиембайды 11 жыл 3 айға бас бостандығынан айыру жазасын сұрады.

Прокурор бұл істе жеңілдететін де, ауырлататын да мән-жайлар бар деп отыр. Оның ішінде айыпталушының кәмелетке толмаған балаларының болуы – жеңілдететін жағдай ретінде, ал қылмыстың мас күйінде жасалуы – ауырлататын мән-жай ретінде қарастырылады.

Бұдан бөлек, мемлекеттік айыптаушы азаматтық талап қойып, сотталушыдан жәбірленуші Руслан Берденовке моральдық шығынды өтеу үшін 30 айлық есептік көрсеткіш (118 890 теңге) өндіруді сұрады.

Еске салайық, Шымкент әкімі Руслан Берденовке 21 сәуірде қалалық әкімдіктің ғимараты жанында қастандық жасалды. Оған оқ атылып, жарақатпен ауруханаға жеткізілген.

Оқ атуға Шымкент әкімдігіне қарасты серіктестіктің қызметкері күдікті деп танылған. Қылмыстық іс қозғалып, күдікті ұсталды. Бастапқыда оқиғаға қызғаныш не әдепсіз қылық себеп болуы мүмкін деген болжам жасалды.

Сондай-ақ, Руслан Берденовті атқан күдікті Ернар Жиенбайдың әйелі де мәлімдеме жасаған еді.

2025 жылдың 28 шілдесінде Шымкентте Берденов ісі бойынша сот процесі басталды. Алайда Берденов сотқа келмегенін хабарладық.

Белгілі болғандай, Руслан Берденовті атқан күдіктінің әкесі үндеу жасады. Аталған іске қатысты 13 тамызда Шымкентте өткен сот отырысында куәгер қызметтен босату жайын растады.

Ал бүгін түске дейін өткен отырыста Берденов өзіне қастандықтың қалай жасалғанын айтты.


ПІКІР ЖАЗУ