Отырар: «Абайды тану — ұлтты тану» атты байқау өтті

0

Бүгін «Абайды тану — ұлтты тану» атты ақын шығармаларын мәнерлеп оқудан VI «Абай оқулары» аудандық байқауы өтті. Аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесі мен Отырар мемлекеттік археологиялық қорық музейінің ұйымдастыруымен өткен байқаудың ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханов арнайы қатысып құттықтау сөз сөйледі.

Ол өз сөзінде: «Бүгін 10 тамыз əлемдік деңгейдегі ойшыл, ұлт руханиятының темірқазығы – Абай Құнанбайұлының туған күні. Қазақтың бас ақынының 175 жылдығы қарсаңында Үкімет қаулысымен 10 тамыз – Абай күні болып жарияланып, мемлекеттік мерекелер күнтізбесіне енгізілген болатын. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында: «Ғұлама Абай – қазақ топырағынан шыққан әлемдік деңгейдегі кемеңгер. Ол күллі адамзат баласына ақыл-ойдың жемісін сыйлады»,-деп дара перзенттің даналық орнын айқындап көрсеткен еді. Расында ұлы ақын өз шығармаларында насихаттаған еңбексүйгіштік, білімге деген құштарлық, ізгілік пен парасатқа зейін қойып, тәрбие алу – бүгінгі ұрпақтарының алдында тұрған міндеттің бірі. Осы айтулы күнге орай бүгінгі ұйымдастырылған шара да осы игілікті істердің жалғасы деп білемін. Байқауға қатысушы жастарға сәттілік тілеймін!» — деді.

Айта кету керек байқаудың басты мақсаты қазақ тілінің көркемдік ерекшеліктерін, бай сөз қорын, Абай Құнанбайұлының шығармалары арқылы қазақ тілі мен әдебиетіне, мәдениетіне деген оқырмандардың ықыласын арттыру, көркемсөз оқу шеберлігін, тіл мәдениетін жетілдіру. Байқау 3 кезең бойынша өтті. Байқауға қатысушылар «Абай мұрасы — халық қазынасы» атты  бірінші кезеңде Абай Құнанбайұлының қара сөздерін мәнерлеп оқыса, «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» атты екінші кезеңінде ақын өлеңдерін мәнерлеп оқыды. Ал, үшінші кезең «Әнді сүйсең, менше сүй» деп аталып, оқушылар Абай әндерін орындады.

Үміткерлердің өнерін бағалау кезеңінде көркем мәтінді талғау және оқу шеберлігіне, сахналық өнер көрсету мәдениетіне ерекше назар аударылып, байқау қорытындысы бойынша жеңімпаз атанғандар арнайы Алғыс хаттармен марапатталып, сыйлықтар табысталды.


ПІКІР ЖАЗУ