Дархан Сатыбалды түркістандық брендті қалыптастыруға күш салуды тапсырды
Түркістан облысында жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыруға арналған «Әкім гранты» жобасы бойынша қолдау көретін азаматтардың саны артпақ. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды жоба аясында ауыл жастарын қолдауға бағыттауға басымдық беруді тапсырды. Бұл мақсатта қосымша қолдау тетігін қарастыруды жүктеді. Облыс басшысына шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау және дамыту туралы баяндалды.
Өңір басшысы сала мамандарына «Түркістанда жасалған» брендін дамытуды міндеттеді. Оңтүстіктің негізгі драйвері — аграрлық саланы одан әрі дамытып, еңбек өнімділігін түбегейлі арттыруға және өңделген өнімнің экспортын ұлғайтуға бағытталуы керек екенін айтты. Сонымен бірге, ұлттық қолөнерді дамытуға басымдық беруді міндеттеді.
– Түркістан өңірінде өте еңбекқор халық тұрады. Біз бизнесті дамытудың үлгісін көресете білуіміз керек. Бизнес – халыққа қажетті жоба. Тек сауда саласын ғана емес, барлық бағытты игеріп, көш басында жүруге жағдай жасалу керек. Жаңа бір бизнестің көзін тауып, оны ширату қажет. Жаппай жандандырып, отандық брендті дамыту керек. Екіншіден, жеңілдетілген несие ұсынылып қана қоймай, одан нақты нәтиже шығатындай жоспар болғаны жөн. Тұрғындарды кәсіпкерлікке баулу, отандық өндіріс көлемін арттыру бағытында жұмыс жандандыруды тапсырамын , – деді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.
Басты мақсат – шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесін 2025 жылға қарай 30% жеткізу. Облыстағы кәсіпкерліктің саны 26,5 мыңға артып, 171 мыңнан асты. Жыл басынан бері кәсіпкерлер жеңілдетілген 6%-бен «Бизнестің жол картасы 2025» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламалары арқылы 28,8 млрд. теңгеге несиеленді. Биыл кәсіпкерлер 17 млрд. теңге несие алып, соның 54%-ы (яғни 9,2 млрд. теңгесі) «Даму» қоры арқылы кепілдендірілді.
Түркістан облысында кәсіпкерлерге 1%-дық несие беру бойынша «Жібек Жолы Бизнес» бағдарламасы дайындалып жатыр. Сондай-ақ өңірде кәсіпкерлерге арналған «кіші өндірістік парктерді» құру көзделген.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі