Түркиядан Түркістан облысына 1000 тонна жоғары сапалы мақта тұқымы әкелінеді

0

Түрік кәсіпкерлері қазақстандық фермерлерге тиімді шарттармен 1000 тонна жоғары сапалы мақта тұқымын береді. Бұл уағдаластыққа «Қазақстан Республикасындағы мақта шаруашылығын дамыту перспективалары» бизнес-форумында қол жеткізілді.

Шымкентте өткен форумда Түркия Республикасынан шақырылған «PROgen» компаниясы отандық өсімдік өсірушілерге аурулар мен зиянкестерге төзімді мақтаның жаңа сорттарын таныстырды. Ол облыстағы қаржы ұйымдары арқылы несиелендіріліп, бөліп төлеу шартымен сатылады. Бұған дейін Қазақстан мен Түркия арасында тұқым шаруашылығын дамыту бойынша ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылған болатын. Форумға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы қатысты.

Бизнес-форум жұмысына ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері, түрік кәсіпкерлері, шитті мақта өндірушілер, мақта өңдеу зауыттарының, ғылыми ұйымдардың, мақта майын өндіру зауыттарының өкілдері, сондай-ақ мақта тұқымын өндірушілер қатысты.

Форумға Ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілқайыр Тамабек қатысып, сөз сөйледі. Ол мақта шаруашылығы саласын дамытудың маңыздылығын атап өтті. «Мемлекеттік сатып алулардағы қазақстандық қамту үлесін, оның ішінде тұрмыстық тауарлар мен мақтаны қайта өңдеу өнімдерін ұлғайту мәселесі пысықталып жатыр. Бірінші кезеңде ұлттық компаниялар 70% дейін отандық мақта өнімдерін төсек-орын, сүлгілер және т.б. сатып алуы тиіс. Мемлекеттік қорғаныс тапсырысын қалыптастыру кезінде жергілікті қамту үлесін 30%-дан 70%-ға дейін ұлғайту жоспарланып отыр», деді вице-министр. Бүгінгі күні саланың негізгі мақсаты – нақты нарықтық тетіктерді ендіру арқылы қазақстандық мақта өндірісін бәсекеге қабілетті және жоғары рентабельді ету.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі


ПІКІР ЖАЗУ