Түркістан облысында шетелдік көліктерді заңдастыру бойынша сall-орталық іске қосылды

0

2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін елімізге әкелінген шетелдік автокөліктерді заңдастыру науқаны 2023 жылдың 23 қаңтарынан басталады.

Осы орайда, Түркістан облысының тұрғындары сырт елден әкелінген автомобильдерді тіркеуге қатысты ақпаратты +7 7253 358 637 байланыс нөмірі арқылы біле алады. Сall-орталықтан бөлек, шетелдік көлікті заңдастыру бойынша халыққа қызмет көрсету орталықтарында мамандар кеңесі ұсынылады.

Заңдастыруға өтінішті «Электрондық үкімет» порталы арқылы немесе арнайы мамандандырылған ХҚО-ға беруге болады. Онда арнайы секторлар ұйымдастырылады, олар тек шетелдік автокөліктерді заңдастыруға қажетті құжаттарды қабылдайды. Азаматтар шетелдік көліктерін тіркеу үшін 4 құжатты ұсынуы қажет: 1) өтініш; 2) өтініш берушінің жеке куәлігі; 3) көлік құралының паспорты немесе көлік құралын тіркеу туралы куәлігі; 4) көлік құралына меншік құқығын растайтын құжат. Өтініш пен құжаттарды тапсырғаннан кейін көлікті мамандандырылған ХҚО-ның тексеру пунктіне нөмірлік агрегаттарды салыстыру үшін кіргізеді. Тексеруден өткеннен кейін 2 күн ішінде көлікті заңдастыруға болатыны немесе болмайтыны жөнінде шешім шығарылады.

Шетелдік көліктерді тіркеу Түркістан облысы бойынша 5 мамандандырылған ХҚО-да, яғни Түркістан қаласында, Мақтаарал, Ордабасы, Сайрам және Сарыағаш аудандарында жүргізіледі.

Айта кетейік, шетелдік көлік иесі алғашқы тіркеу үшін 200 000 теңге, техпаспорт үшін – 4 313 теңге және мемлекеттік нөмір үшін – 9 660 теңге көлемінде мемлекеттік төлемдерді төлейді.

Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі


ПІКІР ЖАЗУ