«Әзіл BATTLE» сайысы өтті

0

Түркістан қаласындағы «Оқушылар сарайында» жайдарманшылар арасында «Әзіл BATTLE TURKESTAN» өнер сайысы өтті. Бұл жекпе-жектің шымылдығын  «Оқушылар сарайы» жайдарман академиясының тәлімгерлері түріп беріп, ары қарай елімізге белгілі «Абырой», «Жаңақорған», ХҚТУ құрамалары, сонымен қатар, Түркістан блогерлері мен «Азарт» сериалының актерлері сынға түсті.

Іс-шарада сөз кезегін алған мекеме директоры Индира Икапова қатысушыларға сәттілік тілеп, ыстық лебізін білдірді.

– Бүгін бізде өте керемет күн. «Әзіл BATTLE» сайысында өнер көрсететін әзіл әлемінің өкілдері көрерменге көтеріңкі көңіл күй сылайды деп сенемін. Сонымен бірге, әзіл арқылы әсерлі ой тастап, жас жеткіншектердің шығармашылығын шыңдауға, шабыттандыруға сеп болғалы тұр. Бұл – біздің ұжымның да негізгі мақсаты. Сондықтан «Оқушылар сарайының» сахнасына көтерілген әрбір өнерпаз бен көрермендерге алғыс айтамын. Әрбір күніміз сәтті, қуанышқа толы болсын! – деді Индира Сарқытқызы өз сөзінде.

Әзіл жекпе-жегіне түркістандық айтыс ақтаңгері, «Алтын домбыра» иегері Бекарыс Шойбеков, айтыскер Тұрар Тілеулиев, жайдарман ойындарының ардагері Жанболат Досболов сынды азаматтар қазылық етті. Сайыс нәтижесінде қазіргі уақытта жоғарғы лигада өнер көрсетіп жүрген «Абырой» командасы бас жүлдеге қол жеткізді.

Дайындаған Б.Мейірханұлы.


ПІКІР ЖАЗУ