Түркістан: Оқушылар сарайында «Айтатын саған сырым бұл» атты поэзия кеші өтті
Түркістан қаласындағы «Оқушылар сарайында» ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығына арналған «Айтатын саған сырым бұл» атты поэзия кеші өтті. Оған үйірме тәлімгерлері, ұстаздар мен қызметкерлер, ата-аналар, мәдениет және БАҚ саласының өкілдері қатысты. Дарынды жастар өнер көрсеткен мәдени іс-шараны мекеме директоры Индира Икапова ашып беріп, ақынның мол мұрасына тоқталды.
– Бүгін өмірі мен өлеңін егіз құбылысқа балап: «Поэзия, менімен егіз бе едің?» — деп жырлаған мұзбалақ ақын Мұқалағи Мақатаевтың жырларына қанық болғалы отырмыз. Ол өз заманында лайықты бағасын ала алмаса да, бар ғұмырын қазақ поэзиясының өркендеуіне арнаған тұлға. Барлық тақырыпқа жыр арнап, өміршең өлең жаза алған ақын. Сондықтан бұл поэзия кеші бүгін мен болашақты байланыстырар рухани азық болады деп үміттенемін, – деді Индира Сарқытқызы.
Поэзия кешінде мекеменің «Самғау» балалар және жасөспірімдер театрының әртістері «Қош махаббат» спектаклінен үзінді қойып, вокал үйірмесінің білімгерлері ақын өлеңдерінен попурри орындады. Сонымен қатар мәдени іс-шарада Түркістан музыкалық драма театрының актерлары мен Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ студенттері де өнер көрсетті. Вокал үйірмесінің оқушылары ақынның сөзіне жазылған «Есіңе мені алғайсың» әнін шырқап, көрермендерге ерекше сезім сыйлады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі