Келестік оқушы фастфуд тағамдарына арналған тауық етін өндіргісі келеді
Түркістан облысы, Келес ауданындағы N39 Л.Жолдасов атындағы жалпы орта мектебінің 4-сынып оқушысы Хайт Алинұр қазіргі жастардың сұранысына ие фастфуд өнімдерін, соның ішінде чикенді даярлайтын тауық етін өндіргісі келеді. Бүгінгі күні үй жағдайында тауық ұстап, жұмыртқа мен тауық етінің адам ағзасына пайдасын зерттеп жүрген 10 жастағы оқушы болашақта ашатын тауық фермасының макетін де жасаған. Айта кету керек, Алинұр бұл тақырыпта ғылыми зерттеу жұмысын жазып, облыстық “Зерде” байқауында марапатталды.
– Шәкіртім шығармашылықпен айналысып, қашан да өз білімін жетілдіруге тырысады. Дүниетану сабағында үй құстарын танып, білуге ерекше қызығушылық танытты. Ғылыми жоба жазуды бастағанда тауықтың пайда болуынан бастап әрбір қажеттіліктерін ашып көрсеткісі келді. Жұмыртқаның пайдасын талдап, дәрумендерін салыстырып көрсете алды. Тауықтың құрамындағы дәрумендердің адам ағзасына келтіретін пайдасын, емдік қасиетін, жасалатын тағамдар мен пайдалану ерекшелігін атап, алдағы жоспарымен таныстырып өткен.
Оқушы тауық жұмыртқасы медицинада биотехнологияда, косметологияда кең тарағанын да атап өтеді. Әрине бұл ғылымда дәлелденген болуы мүмкін, әйтсе де жас зерттеушінің талпынысы көпшілікті таңқалдырды, – дейді Алинұрдың ұстазы Отенова Асем Аманбайқызы.
Алинұр қазіргі таңда үй жағдайында 20-ға жуық тауық ұстайды. Күн сайын жұмыртқа сатып, жас та болса кіші кәсіппен айналысып жатыр.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі