Түркістан: Кентауда заманауи спорт залдары пайдалануға берілді

0

Кентау қаласына қарасты Хантағы ауылында А.Құнанбаев атындағы №5 және А.Пушкин атындағы №6 мектептерінде заманауи үлгіде спорт залдары пайдалануға берілді. Спорт залдың ашылу рәсіміне қала әкімі Жандос Тасов қатысып, ауыл жастары мен тұрғындарын салауатты өмір салтын дамытуға шақырды.

«Бүгінгі пайдалануға берілген спорт залдары ел игілігіне қызмет ететін болады. Жастарымыздың салауатты өмір салтын ұстануға бет бұруы қуантады. Болашақта ауылдан көк туымызды көкке желбірететін мықты спортшылар шығатынына сенімдімін», деді қала басшысы.

Бұл спорт нысандары «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында жүзеге асырылды. Тапсырыс беруші – Түркістан облыстық құрылыс басқармасы. А.Құнанбаев атындағы № 5 ші мектепке қаралған қаражат 201 млн. теңге болса, А.Пушкин атындағы №6 шы мектепке 199 млн. теңге қаралған.

Спорт залда ұлдар мен қыздарға арналған жеке арнайы жуыну бөлмелері бар. Мұнда оқушылардың спортпен шұғылдануына қолайлы жағдай жасалған. Сонымен қатар спорт залдары орталық жылумен толық қамтылған.

Айта кетейік, 60 жылдан аса тарихы бар білім беру мекемелерінің оқушылары мектеп ішіндегі стандартқа сай келмейтін залда дене шынықтырумен айналысқан. Енді ол күндер артта қалмақ. ҚР Президентінің тапсырмасымен ауыл мектептеріне қолдау күшейіп, жасөспірімдердің спортпен шұғылдануына жағдай жасалып жатыр. Кентауда бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табады.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі


ПІКІР ЖАЗУ