Түркістан облысында диқандар қауындарын сата алмай, малға беруге мәжбүр

0

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат — Түркістан облысында диқандар қауындарын сата алмай, малға беруге мәжбүр болып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әлеуметтік желіде шаруалардың жанайқайы тарады. Онда қауын еккен диқандар жаз бойғы еңбегінің далаға кетіп жатқанын айтады. Сондай-ақ, қауындарын сата алмай, малға беруге мәжбүр болып отырғандығын жеткізген.

Желідегі жазба авторы Нұркен Мұсаевтың сөзіне сүйенсек Жетісай ауданында қауын еккен шаруалар шығынға батып жатыр. Сондықтан көпшілігі қауындарды арзан бағамен сатылымға қойған. Ал, өтпегенін малға беруде.

«Таңертең сатылымға алып шыққан қауын екі жарым сағаттың ішінде былжырап, іші ағып кетеді. Сыртын бүтін болғанмен іші су болады. Оны малда жемейді. Қазіргі кезде малы бар үйлерге беріп жатыр. Жақын күндері оларда алмайды. Сол кезде амал жоқ қоқысқа тастайтын болады» — дейді Нұркен Мұсаев

Жалпы Жетісай ауданының әкімдігі таратқан ақпаратқа сүйенсек, биылғы жылы қауын дақылы өткен жылмен салыстырғанда 5 мың гектарға жуық артық егілген. Бүгінгі күнге алынған өнімдердің көпшілігі Ресей мен Белоруссия мемлекетіне және Алматы, Астана, Шымкент қалалары мен еліміздің басқа да облыстарына сатылымға жіберілген.

«Бүгінде аудан әкімдігі тарапынан бақша дақылдарын сату бойынша басқа да облыстардағы әлеуметтік кәсіпкерлік корпорацияларға хат жіберілген. Сұраныс болған жағдайда қажетті көлемдегі бақша дақылдары шаруалардың тікелей өздері арқылы сатылымға жіберілетін болады» — делінген аудан әкімдіігі тарапынан таратылған ақпаратта.

Сондай-ақ, әкімдік қауынды егістік алқапқа тастап жатқан видеоның Жетісай ауданының шаруаларына қатысы жоқ екендігін мәлімдеді.


ПІКІР ЖАЗУ