Шағын несие алған кәсіпкер жұп өнер мектебін ашты

0

Қала тұрғындары Шалқарбек Бақтыбай мен Гүлжанат Орманова Тұран шағын ауданынан «OSSA» өнер мектебін ашты. Кәсіпкерлер жастарға арналған 2,5 пайыздық несие алып, музыкалық аспаптар мен құрал-жабдықтар сатып алған. Мемлекеттік қолдаудың көмегімен орталық бүгінде 500-ге жуық баланы түрлі үйірмелермен қамтуда. Ұстаздар құрамы Ш.Қалдаяқов атындағы филармония мен саз колледжінің білікті мамандарынан құралған.

— Жаңадан бой көтеріп жатқан ауданға көшіп келгенімізде балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыратын орталық болмай, қатты қиналдық. Содан жолдасымыз екеуміз өнер мектебін ашуды ойластырдық. Әрине, бастапқы кезеңде сенімсіздік басым болатын. Бірақ, қазір мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде батыл шешім қабылдағанымызға қуанамыз — дейді жас кәсіпкер Гүлжанат Орманова.

Шымкент қаласында биыл 261 азаматқа жастарға арналған жеңілдетілген несие беру жоспарланған. Сенімді өкіл ретінде «Агронесие корпорациясы» АҚ белгіленіп, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасымен тапсырма шарты түзілген. Жеңілдетілген несиені жаңадан кәсіп ашқысы келетін немесе кәсіпкерлікпен айналысатын 21-35 жасқа дейінгі азаматтар ала алады. Бүгінгі таңда 278 құжат қаралып, 129 адам оң қорытындысын алған. Оның ішінде 85 азаматқа шағын несие беріліп, басым көпшілігі өз кәсіптерін жүргізуде.

Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі


ПІКІР ЖАЗУ