Оқу аптасын 4 күнге қысқарту: педагог пікір білдірді

0
26

Қоғам белсендісі Аятжан Ахметжанұлы оқу жылын үш тоқсанға, ал оқу аптасын 4 күнге қысқартуды ұсынғандарға шүйлікті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Педагог мұндай әрекеттің соңы оқушыларға артық салмақ түсіретінін ешкім ойламайтынын айтады, тіпті 6 күннен 5 күнге ауысқанда да осындай жағдай болғанын тілге тиек етті ол. Аятжан Ахметжанұлы демалыстың ұзақтығы балалар арасында артық салмақтың артуына да әкелетінін айтты.

Баяғыда мектеп 6 күндік оқудан 5 күндік оқуға көшті. Бір жылда 34 оқу күні қысқарды. Бірақ балалардың білім алуы тиіс 34 күні қайда кетті деп ешкім шулаған жоқ. Балалар жылына 181-182 күн сабағын 147-148 күн оқитын күн болды. Бірақ балаға түсетін салмақты қалай шешуді ешкім де ойлаған жоқ.

Министрлік 3-4 жылдан кейін қателік кеткенін түсінді, образды түрде айтқанда, 182 күннің тамағын 148 күнде жесе, денсаулыққа зиян екенін сезінді. Сезінді де 10 күн болса да салмақ азайтайық деп екі аптаға оқу жылын ұзартты. Ал шула, шулай түс болды. Заңгер «балалардың каникулын ұрлады, сотқа берем» деді. Бірақ оған әлем балалары қалай оқитыны, кәсіби сарапшылар пікірі бес тиын еді. Үш ауысымды мектепте, апаттық мектепте оқитын балалар туралы сотқа берем деген заңгер болмап еді, — деді.

Жалпы, Қазақстан оқушылардың демалысы ұзақ мемлекеттер қатарына жататыны бұған дейін де айтылған. Айталық, жазғы каникул Германия, Англия және Жапонияда 7 аптаға, Польша, Қытай және Оңтүстік Кореяда 7-9 аптаға, Финляндия, Венгрия, Швецияда 9-11 аптаға, Латвия, Италия және Португалияда 11 аптаға, ал Қазақстанда 14 аптаға созылады. Яғни әлемде ең ұзақ оқитын ел 43 апта 215 күн оқиды. Ал төрткүл дүниеде орташа оқу көрсеткіші 182 күн – 365 күннің жартысы. Ал елімізде бұл көрсеткіш төмен.

Біз 147 күн, иә, 365 күннің ішінде небәрі 147 күн оқимыз. Әлемдік қауымдастықта білімі сапалы елдің бәрі 12 жыл оқиды, біз 11 жыл оқимыз. Әлемде білімі дұрыс елдің бәрінің баласы бір ауысымды мектепте күні бойы оқиды. Біз 2-3 ауысымды мектепке жарты күнге жетер-жетпес оқимыз. Ал енді сапа туралы, біздің балалардың халықаралық бәсекеге қабілеттілігі туралы қалай айтамыз? – дейді ол.

Маман көптің көңілінен шығатын емес, дұрыс шешім қабылдау керек дейді.

Кейде көпке ұнамайтын, бірақ дұрыс шешімдер қабылдауға тура келетін кездер болады. Себебі ғылым көптің ыңғайына емес, зерттеуге сүйенуі керек. Әйтпесе әлі жер шарын күн айналады деп жүретін едік қой, — деді Аятжан Ахметжанұлы.


ПІКІР ЖАЗУ