Шымкентте Студенттер үйі ашылды
Шымкент қаласында орталық Aq meshit мешіті ауласында орналасқан Студенттер үйінің ашылу салтанаты өтті. Игі іс-шараға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы арнайы қатысты.
«Бүгін біз діни саладағы ерекше оқиғаның куәгері болып отырмыз. Осындай сәтке жеткізген Аллаға шүкір айтамыз. Мен жыл басында өзімнің еліміздегі барша дін қызметкерлеріне жолдаған бағдарлық баяндамамда республикалық маңызы бар 3 қаладан, сонымен қатар облыс орталықтарынан әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан шыққан студенттерге арналған қайырымдылық негізінде мүфтият жатақханаларын ашуды тапсырған болатынмын. Аллаға шүкір, бүгін бастаған ісіміздің нәтижесін көріп отырмыз. Бүгінде жатақхана тапшылығы қоғамдағы күрделі мәселелердің біріне айналғаны белгілі. Қалаға оқу іздеп келген жеткіншектер үшін жатақхана ауадай қажет. Әсіресе, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан шыққан студенттер үшін пәтер жалдау – қиынның-қиыны. Осы бір келеңсіз жағдайдың оң шешімін табу үшін жатақхана ашуды жөн көрдік. Бұл жатақханаға көпбалалы отбасыдан шыққан, ата-анасынан айырылған студенттер қабылданады. Жатақханада шәкірттердің алаңсыз білім алуына жағдай жасалған. Алла қаласа, мұндай ғимараттар еліміздің әр өңірінен ашылып, еліміздегі жатақхана тапшылығын азайтады деп сенемін. Білім, діни ілім жолындағы жастарға көмектесу – үлкен сауапты істердің бірі. Дініміздегі үлкен ғұламаның бірі Ибн Мубарак бір сөзінде: «Мен пайғамбарлық мәртебеден кейінгі білімді жаю мен білім ізденушілерге көмек беру, олардың күнкөріс қамын уайымдамай, еш алаңдаусыз білімдеріне ден қоюларына жәрдемдесуден абзал мәртебені білмеймін» деген екен. Ғалым бұл сөзі арқылы білім жолындағы жастарға көмектесуді пайғамбарлық мәртебеден кейінгі орынға қойып тұр. Білім алушыға көмектесу дегеніміз – ілім үйренуші адамның сауабындай сауапқа кенелу деген сөз. Алла Тағала игі іске үлес қосқан барша азаматқа мол сауаптан жазсын», — деді Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.
Студенттер үйіне жергілікті жоғары оқу орындарында оқитын 10 студент қабылданды.