Сарыағашта банан мен папайя өседі
Бүгінде 63 жастағы Тұрсын Тасқожа жемістердің таңдаулы көшетін алдырып, тұқымын қолдан көбейтіп отыр. Жылыжайдың құнарлы топырағы ешбір қоспасыз табиғи дәрумендермен тыңайтылады. Бұрындары мұнда көкөніс егумен айналысқан ол , тәтті жемістердің өсімі жоғары әрі сәтті болатынына қазір көз жеткізіп отырмын дейді. Сондай-ақ ерекше күтімнің арқасында банан ағашы бір жылда тамыр байлап, 4 метрге дейін бойлап, әр 1,5 айда 25 келіден аса өнім беріп отырғанын айтады.
Тұрсын Тасқожаев, шаруа қожалығының төрағасы: «Көп жылдық деп айта аламыз. Бір-ақ түп әкелгенбіз, кішкентай 20-30 см. Соны еккенбіз. Міне жанынан көбейіп-көбейіп осылай салып жатыр. Шетелден келетін осындай жемістерге қарап, көңілім түседі. Неге өзімізде осындай істі бастамасқа деп егуді бастап кеттім».
Бүгінде Сарыағаш ауданында аграрлық саланың дамуына жағдай жасалған. Аудандағы жылыжайларға жалпы 800 гектар жер берілген. Қазіргі таңда бұл аймақта осы бағытта жұмыс істеуге ниеттенген азаматтар көп.
Атхам Омаров, агроном: «Тауарға деген сұраныс өте жақсы. Алдағы уақытта көбейтеміз деп жоспарлап отырмыз. Көзіміз жетті. Қазақстанда осындай талдарды егіп, өнім алуға болады екен».
Әлайдар Әмірханов, Сарыағаш аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы: «Біздің есебіміз бойынша 1 мыңға жуық азамат сертификат алу керек. Қазір 300 ден астамы сертификат алды. Цитрустық өсімдіктерді, гүлді, құлпынайды, жидектерді қосу бойынша ұсыныстар болып жатыр».
Бағбандардың сөзінше, елімізге жыл сайын өзге мемлекеттерден 150 мың тоннадан астам цитрус жемістері саудаланады. Ал Тұрсын Тасқожа тәуелділікті азайтып, жергілікті өнімді көбейту үшін жемістерді өсірудің қыр-сырын үйретуге дайын екенін жеткізді.