Түркістанда халықаралық көше театрларының фестивалі аяқталды

0

Облыс орталығында екі күн бойы өз өнерін паш еткен Халықаралық көше театрлары фестивалінің қатысушылары марапатталды.

Салтанатты шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев қатысып, мұндай халықаралық шара өңір басшысы Дархан Сатыбалдының қолдауымен өтіп жатқанын жеткізді. Сонымен қатар жеңімпаз ұжымдарды марапаттап, алғысын білдірді.

Өнертану докторы, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры, театртанушы, «Құрмет» орденінің иегері, қазылар алқасының төрайымы Бақыт Нұрпейіс фестивальдің жоғары деңгейде өткенін тілге тиек етіп, ұйымдастырушыларға рахметін айтты.

Қазақстанда алғаш рет ұйымдастырылып отырған халықаралық көше театрлары фестиваліне Қазақстан, Түркия, Өзбекстан мен Қырғызстан елдерінен келген үздік 13 өнер ұжымы қатысты.

Алғашқы күні 9 өнер ұжымы, екінші күні 4 өнер ұжымы өз қойылымдарын сахналады. Халықаралық көше театрлары фестивалінің қазылар алқасының құрамында суретші, сценограф, Қазақстанның еңбек сіңірген қайтаркері Бақыт Сраилов, өнертану кандидаты, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры Зухра Исламбаева, өнертану кандидаты, Қазақстан Театр сыншылар бірлестігінің Вице-президенті, Қазақстан Театр қайраткерлер одағының төралқа мүшесі, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Мұқан Аманкелді, М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының қоюшы режиссері Аридаш Оспанбаева бар. Кәсіби мамандардан құралған қазылар алқасы жіті қадағалап, төрелігін айтты. Фестиваль қорытындысына сәйкес барлық қатысушы ұжымға қаржылай сыйлық берілді.

Облыс әкімдігінің қолдауымен, облыстық мәдениет және туризм басқармасының ұйымдастыруымен өткен фестиваль мақсаты – жастарды отаншылдыққа тәрбиелеу, көше театрларының рөлін көтеру, белсенді қоғамдық бағыт ұстануына жағдай жасау, түркістандықтар мен рухани астана қонақтарына мазмұнды дүниелер ұсыну, мәдениетті дамыту.


ПІКІР ЖАЗУ