Жамбыл: Ербол Қарашөкеев шалғай ауылдардың тұрғындарымен кездесті

0

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Мойынқұм ауданына жұмыс сапары барысында Қызылтал және Қызылотау ауылдық округтерінің тұрғындарымен кездесті.

Жиындарға облыстық салалық басқарма және құқық қорғау органдарының басшылары да қатысты.

Мемлекет басшысының «Барлық деңгейдегі әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес өткен кездесуде шалғай аудандағы ауылдықтар көкейлеріндегі сауалдарын жолдап, жауаптар алды.

Қызылтал ауылдық округінде өткен басқосуда аймақ басшысы облыстың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен жоспарлы шараларға қысқаша тоқталып өтті.

— Ағымдағы жылдың қаңтар-тамыз айларының қорытындысымен экономикалық өсім 104,8 пайызды құрады. Өнеркәсіп өнімі көлемі 6,7 пайызға, негізгі капиталға салынған өнімнің көлемі 24,8 пайызға артты.

Сондай-ақ, тұрғын үй құрылысында 389,9 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.

Өңірдегі босалқы жерлер санатындағы 397 мың гектар жайылым жер ауылдық округтерге бекітіліп, нәтижесінде елді мекендегі жайылым жерлер 363,5 мың гектардан 741 мың гектарға ұлғайды.

Игерілмеген және заң талаптарын бұза отырып пайдаланып келген 308,9 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Ағымдағы жылы 200 мың гектар жерді қайтару жоспарлануда.
Жалпы, облыс бойынша жетіспейтін 164,0 мың гектар жайылым жер толығымен шешілетін болады,- деді облыс әкімі.

Бұлдан соң ауылдық округ әкімі Жәнібек Айдарқұлов есеп беріп, елді мекенде атқарылып жатқан жұмыстар мен өзекті мәселелерді баяндады.

Келесі кезекте қызылталдықтар газ тарту, картадағы ауыл атын түзету, интернет байланысындағы мәселелерді көтерді.

Ербол Қарашөкеев тұрғындардың сауалдарына жауап беріп, кейбір мәселерді шешу жолдарын қарастыру бойынша тиісті тұлғаларға нақты міндеттер жүктеді.

Кездесуден соң облыс әкімі жоспардан тыс округтегі Б.Момышұлы атындағы орта мектебінің, дәрігерлік амбулаториясының қызметі және әкімдік ғимаратының жөндеу жұмыстарымен танысты.

Сондай-ақ, дәл осындай форматтағы кездесу Қызылотау ауылдық округінде де ұйымдастырылды.

Жиында округ әкімі Жандос Қуантаевтің есебі тыңдалды.

Мұнда жергілікті тұрғындар суармалы су, спорт кешенін салу, ауылдарды әлеуметтік игіліктермен қамту, мектептің асханасы мен шатырын күрделі жөндеу, жер беру, газ тарту, ауылдық клубты жөндеу, ауыз судың сапасына қатысты және тағы басқа мәселелерді көтерді.

Аймақ басшысы көтерілген барлық мәселе назардан тыс қалмайтынын, оларды заң аясында шешу үшін жауапты тұлғаларға тапсырмалар берді.

Кездесулерден соң облыс әкімі тұрғындарды жеке сұрақтарымен қабылдау өткізді.

Жалпы, айта кетейік, Мойынқұм ауданында бірқатар жобалар іске асырылып, ел игілігіне жұмсалуда. Мәселен, өткен жылы ауданда 2,6 млрд. теңгеге 25 жоба іске асырылса, ал ағымдағы жылы 50 жобаға 6,4 млрд. теңгеге қаралған.

Ербол Қарашөкеев аудан басшылығы мен ауыл әкімдеріне елді мекендерде шағын жобаларды жүзеге асыру, тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамту, “Ауыл аманаты” жобасы аясында жан-жақты ақпараттандыру және түсіндіру шараларын жүргізу, санитарлық тазалықты сақтау, суармалы жерлерді тиімді пайдалану секілді мәселелерді назарға алып, жұмыстар жүргізу керектігін баса айтты.


ПІКІР ЖАЗУ