Шымкентте әскерилер жылды қорытындылады
Шымкент гарнизонына қарасты механикаландырылған бригаданың жеке құрамының қатысуымен, 2023 жылды қорытындылау мақсатында ауқымды шара ұйымдастырылды.
Аталған жиында жұмылдыру жұмыстары мен әскерлер қызметі, жауынгерлік даярлық пен оқу-тәрбие үдерісі, әскери тәртіп пен құқықтық тәртіп жағдайы, бөлімнің материалдық-техникалық қамтамасыз етуі мен рота шаруашылығы және сержанттар құрамының қызметі бойынша бөлім командирі орынбасарларының баяндамалары тыңдалды.
Жыл қорытындысы бойынша бөлім құрамындағы батальондар арасында өздерін лайықты деңгейде көрсете білген танк батальоны үздік деп танылды. Оның командирі майор Ержан Сабырбекұлымен бірге танкішілер жауынгерлік даярлықтың көптеген бағыттарында керемет нәтижелерге қол жеткізді.
Жылдық есептер жоспарға сәйкес тыңдалынып болған соң, Шымкент гарнизонының бастығы полковник Амирқожа Айткожин бригада жеке құрамына алда келе жатқан жаңа оқу жылына нақты тапсырмалар берді. Сонымен қатар, 2024 жылдың жауынгерлік жаңа ұраны «Айбынды Армия – тәуелсіздік кепілі» екенін атап өтті.
Жиын соңында оқу жылының қорытындысына сәйкес үздік деп танылған бөлімшелер мен әскери қызметшілер мақтау қағаздарымен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Шымкент гарнизонының баспасөз қызметі