Түркістан: Сайрамда үш ауылға газ берілді

0

Түркістан облысының тұрғындарын табиғи газбен қамту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асуда. 2023 жылдың басында жалпы облыс бойынша 832 елді мекеннің 465 елді мекені (55,9 %), яғни 1 537 588 тұрғын (72,6 %) табиғи газбен қамтамасыз етілді.  Биыл құрылысына қаржы бөлінген 107 нысанның 62 нысанның (50 е.м., 3-АГТС, 3 жеткізуші газ құбыры, 12 шағын аудан, 115 845 тұрғын) құрылысы осы жылы аяқталады. Қалған 45 нысанды келесі жылы аяқтап, ел игілігіне пайдалауға беру жоспарлануда. Өткен жылы 11 елді мекен газға қосылған болса, биыл жүйелі жұмыстардың нәтижесінде 50 елді мекеннің халқы «көгілдір отынға» қол жеткізбек.

Сайрам ауданындағы Ақсуабад, Шапырашты, Береке елді мекендеріне табиғи газ жеткізілді.  Аталған 3 ауылда 1200-ге жуық абонемент бар. Орталықтандырылған жаңа газ құбырымен тартылған «көгілдір отынды» қосу салтанатына аудан әкімі Арман Сәбитов қатысып, тұрғындарды қуаныштарымен құттықтады.

– Аудан аумағындағы 42 елді мекеннен 34-і табиғи газбен қамтамасыз етілген болатын. Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Ақсуабад, Шапырашты, Береке елді мекендеріне газ келіп, аудан тұрғындарын табиғи газбен қамтамасыз ету көрсеткіші 37 елді мекенге жетіп, 88 пайызға көтерілді. Біз мемлекеттің қолдауы арқасында аудандағы әр үйдің «көгілдір отынға» қосылуына жұмыс жүргізетін боламыз, – деді Арман Сәбитов.

Сонымен қатар қазіргі таңда 3 жоба бойынша 5 елді мекенді: Құтарыс, Қызылжар, Ақарыс, Оймауыт, Көлкент елді мекендерін табиғи газбен қамтамасыз ету үшін құрылыс жұмыстары жүргізілуде.

Айта кетейік, Сайрам ауданының аумағындағы 42 елді мекендерінен бүгінгі таңда 34 елді мекен (81%) табиғи газбен қамтамасыз етілген. Барлық елді мекендерге газ тарататын 3 дана газ таратушы станция бар. Нақтырақ айтсақ, Ақбұлақ ауылында орналасқан «Самсоновка» ГРС,  Жібек жолы ауылында орналасқан «Свердлов» ГРС, Нұржанқорған ауылында орналасқан №20 «Жаңақоғам» АГРС. Екі елді мекенінің газ құбырларының жұмыстары 2019 жылы аяқталған. Биылғы жылдың 27 желтоқсан күні Береке, Шапырашты елді мекендеріне газ беріліп, табиғи газбен 37 елді мекен қамтамасыз етілді. Көрсеткіш 88 пайызды құрады. 2025 жылы Сайрам ауданында табиғи газбен қамтамасыз етілген елді мекендер көрсеткіші 100 пайызға жетпек.


ПІКІР ЖАЗУ