Дархан Сатыбалды Қазақстан бокс федерациясының президентімен боксты дамыту жолдарын талқылады

0

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Қазақстан бокс федерациясының президенті Шахмұрат Мүтәліп пен федерацияның вице-президенті, даңқты боксшы Мұхтархан Ділдәбековты қабылдады. Кездесуде бокс спортын дамыту, жас таланттарды табу, Олимпиада ойындарына даярлау мәселелері сөз болды. Облыс әкімі спорт саласын қолдауға әрдайым дайын екенін жеткізді.

– Демографиялық өсім, жасөспірімдер мен жастар саны бойынша Түркістан өңірі елімізде көш бастап тұр. Сондықтан жастарды жан-жақты дамытуға қолдау көрсету – міндетіміз. Сіздердің боксты, спорт саласын дамыту туралы бастамаларыңызды қолдаймын. Өзіміздің балалардан ештеңені аямаймыз. Барлық аудан, қалада типтік үлгіде бокс залдарын салу жағын қарастырып көруге болады. Бұл өңірдің бокс мектебі, бокс тарихы өте мықты. Үнемі көш басында жүретін еді. Біз бокс саласындағы осы көшбасшылықты қайтаруға күш саламыз. Әріптестік орнатып, бірге жұмыс істейміз, – деді Дархан Сатыбалды.

Шахмұрат Мүтәліп боксқа жанашырлық танытып, жылы қарсы алған өңір басшысына алғысын білдірді. Алдағы жоспарлар туралы баяндады.

– Бүгінде ұлттық құрама сапында Түркістан облысынан 2 боксшы Италияда өтетін лицензиялық жарысқа дайындалып жатыр. Ұлттық құрамадағы жігіттерден үлкен үміт күтіп отырмыз. Аймақтарға арнайы келіп, боксты дамыту мәселелерін ақылдасып жатырмыз. Өңірлердегі федерациялардың жұмысын сараптаймыз. Тиіп-қашып жұмыс істейтін федерация басшыларын алмастырамыз. Мақсатымыз – барлық аймақта мықты командалар жасақтап, бәсекелестікті күшейту. Бұл ретте федерацияға облыс, қала әкімдіктерінің де қолдауы қажет, – деді Қазақстан бокс федерациясының президенті.

Сидней Олимпиадасының күміс жүлдегері Мұхтархан Ділдәбеков те өз пікірін, ұсынысын білдірді. Облыс әкімдігі мен бокс федерациясы боксты дамыту бойынша бірлесе жұмыс атқаруға уағдаласты.


ПІКІР ЖАЗУ