Мәжілісте ғылым мәселелері бойынша заң жобасы қаралады
Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен Бюро отырысы өтіп, алдағы жалпы отырыстың күн тәртібі нақтыланды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Талқылауға депутаттар әзірлеген ғылым мәселелері бойынша заң жобасын қарау ұсынылады. Құжатта жергілікті атқарушы органдардың ғылым саласындағы өкілеттіктерін кеңейту, әлеуметтік кепілдіктерді ұлғайту және педагогтар мен ғылыми қызметкерлер үшін қосымша төлемдер беру көзделеді.
Екінші оқылымда байланыс, цифрландыру және ақпараттандыру саласының инвестициялық ахуалын арттыру мәселелері туралы заң жобасы қаралады. Жоба телекоммуникациялық инфрақұрылымды дамытуға, қалалар мен елді мекендердегі байланыстың қолжетімділігін қамтамасыз етуге және сапасын жақсартуға бағытталған.
Сондай-ақ ТМД елдерінің қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы санитариялық-эпидемиологиялық сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларға ден қою жөніндегі ынтымақтастығы туралы келісімдерге, зияткерлік меншік құқықтарының сауда аспектілері бойынша, сондай-ақ Өзбекстанмен одақтастық қатынастар туралы шарттарға қатысты ратификациялық заң жобалары талқыланады.
Мәжіліс комитеттері көлік құралдарының жекелеген түрлерінің қозғалысын ұйымдастыру және жол қауіпсіздігін цифрландыру, сондай-ақ туристік саланы қолдау мәселелері бойынша жаңа заң жобаларын жұмысқа алады.