Астанада 20-дан астам аула мен қоғамдық кеңістік ашылды

0

 Астанада биыл 170 аула мен қоғамдық кеңістік абаттандырылады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл жұмыс қаланың барлық ауданын, оның ішінде тұрғын алаптарды да қамтиды. Қазір межеленген жұмыстың бір бөлігі аяқталды. Халықаралық балаларды қорғау күнінде елорданың бес ауданында тағы 20-дан астам аула мен қоғамдық кеңістік ашылды, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Мәселен, Нұра ауданында Қыз Жібек көшесі, 32 мекенжайында тұрғындарға арналған заманауи стандарттар бойынша жабдықталған балалар алаңы бар аула ашылды, мұнда шырша ағашы отырғызылды, сол сияқты work out аумағы мен үйдің аумағы абаттандырылды. Аула «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында жөнделді.

Биыл ауданда барлығы 17 аула жаңартылады, сондай-ақ 65 аулада жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі.

Сонымен қатар, биыл Нұра ауданында 3 гүлзар орнатылады.

Балаларды қорғау күні Сарыарқа ауданы бүлдіршіндерге арналған ойын және демалыс орындарын жаңартты. Мұнда «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында күрделі жөндеуден өткен аулалар ашылды. Олар Д.Бабатайұлы көшесіндегі №6, 8, 14, 16, 18, Кендал көшесіндегі №2, Боталы көшесіндегі №26 үйлердің жанында орналасқан.

Аулаларда жаңа резеңке жабын орнатылды, ойын элементтері жаңартылды, спорт алаңдары мен футбол алаңдары жабдықталды.

Биыл «Халық қатысатын бюджет-2024» жобасы бойынша ауданның 30 ауласын абаттандыру жоспарланып отыр.

Биыл аудан аумағында қазіргі заманғы жайлылық пен қауіпсіздік стандарттарын ескере отырып, Юбилейная көшесі, 22 және Жеңіс даңғылы, 34 мекенжайлары бойынша екі жаңа қоғамдық кеңістік ашылады.

Бүгін Есіл ауданының тұрғындары үшін де қуанышты күн. Ауданда жаңа аулалар мен қоғамдық кеңістіктер ашылды. Мәселен, Пригородный тұрғын алабында Қабанбай батыр даңғылы, 105 және Қабанбай батыр даңғылы, 105А мекенжайларында абаттандырылған екі аула аумағы салтанатты түрде ашылды.

Аулаларда кешенді абаттандыру жүргізілді, шағын архитектуралық мүсіншелер, work out аймақтары, көше тренажерлері орнатылды, тартан және асфальт жабындары және т.б. төселді, сондай-ақ әткеншектер, карусельдер, құм төселген орындар, ал ересектерге арнап спорттық тренажерлер орнатылды.

Биыл Есіл ауданының тағы 7 ауласында жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі.

1 маусымда Алматы ауданында Майлин көшесі 8, Күйші Дина, 44/1, Абылай хан, 25, Жұмабаев, 12а және Мүсірепов, 6/1, 6/2 6/3 мекенжайларында тағы 7 жаңа аула ашылды.

Бұл жобаның ерекшелігі – қос әткеншек, теңгергіш, карусель және т.б. сияқты ұлттық стиль элементтері бар шағын архитектуралық пішіндерді орнатылды.

Аула аумақтарын абаттандырумен қатар, 3 қоғамдық кеңістікті – Тәуелсіздік даңғылының Ақбұлақ өзенінің жағасынан Б.Момышұлы даңғылына дейінгі жаяу жүргіншілер бөлігін, Т.Жүргенов көшесін (Айнакөл көшесінен Ж.Нәжімеденов көшесіне дейін), Ақбұлақ өзенінің Абылай хан даңғылынан Амман көшесіне дейінгі жағалауын абаттандыру жұмысы жүргізіліп жатыр.

Алматы ауданының аумағында биыл 50 ауланы абаттандыру жоспарланып отыр. Сондай-ақ, тағы 100 аулада жөндеу-қалпына келтіру жұмысы жүргізіледі.

Байқоңыр ауданында мерекеге орай жаңа аулалар ашылды. Олар Бөгенбай батыр даңғылы, 54, Абай даңғылы, 71 және Республика даңғылы, 10, 10/1 мекенжайларында орналасқан.

Айта кетейік, Абай даңғылы, 71 мекенжайы 13 жыл бойы абаттандырылмаған. Биыл осы үйдің тұрғындары «Халық қатысатын бюджет» жобасының арқасында өз аулаларын абаттандыруға мүмкіндік алды.

Биыл Байқоңыр ауданында барлығы 44 аула аумағы мен 6 қоғамдық кеңістік абаттандырылады. Сонымен қатар, тағы 70 аулада жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі.


ПІКІР ЖАЗУ