Түркістан: мәдениет және өнер мекемелері басшыларының жоспарлары мен ұсыныстары тыңдалды

0

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев өнер және мәдениет мекемелері басшыларымен кездесті. Жиында мәдениет саласындағы  жоспарлар пысықталды.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Балаларды іргелі құндылықтарға сүйене отырып тәрбиелеуге баса мән беру керек. Өскелең ұрпақтың дүниетанымы тарихқа қатысты өкпе-реніштен, догматизмнен және мәдени стереотиптерден ада болуға тиіс» деп ұлттық идеологияның ұрпақ тәрбиесі үшін маңыздылығы жөнінде баса айтты. Бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі жүргізуде мәдениет саласы қызметкерлерінің еңбегі орасан. Өңірдегі тарихи-мәдени мұраны қорғау, ономастика, тілдерді дамыту бағытындағы жұмыстарды жүйелі жүргізу, облыстың мәдени-рухани дамуына ықпал ету – мәдениет саласындағы азаматтарға артылған абыройлы міндет. Алдағы уақытта осы бағыттағы жұмыстарды бірлесе атқарамыз, – деді Ертай Кенжебекұлы.

Жиын барысында тарихи мұраларды сақтау, ескерткіштерді қорғау, ономастика талаптарын сақтау, мәдени шаралар өткізу бағыттарында мәселелер қозғалып, ұсыныстар тыңдалды. Атап айтқанда, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің қорғау аймағындағы құрылыстардың талапқа сай жүргізілуі, ескерткіштерді орнату барысында басшылыққа алынуы тиіс заңнамалардың қатаң сақталуы сөз болды. Ономастика саласында жұмыстарды заңдылықтарды сақтай отырып жүргізу және Түркі жұртының рухани орталығына айналған шаһардың тарихи негіздерге сүйене отырып, өзіндік брендін қалыптастыру жолдары да талқыланды. 

Облыс әкімінің орынбасары мәдениет мекемелерінің басшыларына жұмысты жандандыру жөнінде тапсырма берді. Бұл бағыттағы ұсыныстар назарға алынып, тиісті жұмыстар жүреді.

Түркістан облысы әкімінің  баспасөз қызметі


ПІКІР ЖАЗУ