«Ұлттық құндылықты жаңғырту: ғылым және өңірлік тәжірибе» тақырыбындағы аймақтық форум

0

2024 жылғы 10-11 шілде күндері Ұлттық құндылықтар академиясы мен Алматы облысының Кеген ауданы Әкімдігі және аудандық Мәслихаты бірлесіп, «Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи саябағы аймағында «Ұлттық құндылықты жаңғырту: ғылым және өңірлік тәжірибе» тақырыбында аймақтық форум өткізді.
Академия тарапынан 40 тұлға, университеттердің профессорлары мен оқытушылары, жазушылар, үздік ұстаздар осы Форумға арнайы келіп қатысты.
Форум жұмысына Кеген ауданының әкімі Теңізбаев Нұрбақыт Молдахметұлы және Аудандық Маслихаттың төрағасы Нұғман Алмасбек Нөкербанұлы, аудан жұртшылығының өкілдері қатысты.
Форумда Ұлттық құндылықтар академиясының басқарма төрағасы Дүйсебек Әділхан Төлегенұлы «Ұлттық құндылықтар академиясы ұлтқа қызмет ету жолында», Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Ұлттық құндылықтар академиясының академигі Миразова Аягүл Төреқызы «Отбасы – тәрбиенің қайнар көзі», Абай атындағы Ұлттық педагогикалық университетінің профессоры, п.ғ.д., «Құрмет» орденінің иегері, Ұлттық құндылықтар академиясының академигі Әлмұхамбетов Берікжан Айтқұлұлы «Тәрбие – білім маржаны», Кеген аудандық Әкелер кеңесінің төрағасы Қызыр Байбалаұлы «Ұлттық құндылықтарды дәріптеу тәжірибеміз» тақырыптарында баяндама жасады. ҚХА жанындағы Алматы облыстық Аналар кеңесінің төрағасы Гүлнара Сағатқызы Жошыбаева, Ақмола облыстық маслихатының депутаты Ахат Нұртас, Алматы облыстық әдістемелік орталық директоры Иманхатова Гүлжихан Жалғасбековна, Алаштанушы-жазушы Тоқтарбай Елдос өз ой-пікірлерімен, ұсыныстарымен бөлісті.
Аудан әкімі Нұрбақыт Молдахметұлы және Қазақстанның Еңбек Ері Миразова Аягүл Төреқызы белгілі әдіскер-ғалым Игенбаева Бижан Құманғалиқызының «Рақмет саған, балақай» атты ертегілер мен әңгімелер жинағының тұсаукесер рәсімін өткізіп, осындай балалар әдебиетінің көбее түсуінің маңыздылығын атап өтті.
Форум жұмысына қолдау көрсеткені үшін Алматы облыстық Білім басқармасы директорының орынбасары Гүлсара Исағұлова, «Жас дарын» орталығының директоры Диана Онбырбаеваға алғысын білдірді.
Ұлттық құндылықтар академиясы мен Алматы облысы Кеген аудандық мәслихаты арасында ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ТУРАЛЫ МЕМОРАНДУМҒА қол қойылды. Меморандум шарттарына орай Ұлттық құндылықтар академиясының Кеген аудандық бөлімшесі құрылды. Аудандық бөлімше Төрағасы болып Қызыр Байбалаұлы сайланды.
Ұлттық құндылықтар академиясының қауымдастырылған мүшесі қатарына осы өңірде ұлттық құндылықтарды насихаттауда зор еңбек етіп жүрген азаматтар қабылданып, куәліктер және алғыс хаттар тапсырылды.
Ұлттық құндылықтарды қоғамдық ортада насихаттауға, оқу-тәрбие үрдісіне енгізуге мол үлес қосып жүрген еліміздің бірқатар азаматтарына «Ұлттық құндылықтар академиясының академигі», «Ұлттық құндылықтар академиясының корреспондент-мүшесі» құрметті атақтары берілді.
«Ұлттық құндылықтар академиясының академигі» атағы осы форумды ұйымдастыруға, Кеген ауданында ұлттық құндылықтарды өмір салтына айналдыруға мол үлес қосқан Аудандық маслихаттың төрағасы Алмасбек Нөкербанұлына да берілді.
ФОРУМ КЕЛЕСІ ҰСЫНЫМДАР ҚАБЫЛДАДЫ:
1. Кеген ауданы Әкімдігі мен Маслихатының, Алматы облыстық білім басқармасының ұлттық құндылықтарды қоғамдық ортада дәріптеудегі Ұлттық құндылықтар академиясымен бірлесе атқарып жатқан оңды тәжірибесі мақұлдансын;
2. Ғылыми-педагогикалық қауымдастықтың жергілікті өкілетті органдармен ықпалдастығының маңыздылығын ескеріп, Ұлттық құндылықтар академиясына Маслихаттармен келісіп, «Ұлттық құндылықты жаңғырту: ғылым және өңірлік тәжірибе» тақырыбындағы форумдарды еліміздің басқа да өңірлерінде өткізу ұсынылсын;
3. Ұлттық құндылықтар академиясының Уәкілетті органдарға орта мектептің және педагогикалық университеттердің оқу бағдарламалары мен оқулықтары мазмұнын «Адам», «Отбасы», «Отан», «Мемлекеттік тіл», «Руханият», «Білім», «Еңбек», «Табиғат» ұлттық құндылықтар желісімен, қазақтың рухани көсемдерінің, Алаш қайраткерлерінің мұраларымен, ұлттық тәрбие қағидаларымен толықтыру жөніндегі ұсыныстары мақұлдансын;
4. Кеген ауданы маслихатына білім беру ұйымдарымен, қоғамдық бірлестіктермен, жастар ұйымдарымен, шаруашылық субъектілерімен бірлесіп, балалар мен жастарды қоғамдық пайдалы жұмыстарға тарту, еңбекке баулу, кәсіпке бейімдеу, ұлттық спортты, этнотуризмді дамыту жұмыстарын одан әрі күшейту ұсынылсын;
5. ҚР Оқу ағарту министрлігіне Ұлттық құндылықтар академиясы атынан «Балдаурен» оқу-сауықтыру орталығы базасында «Ұлттық құндылықтар – рухани шамшырағымыз» тақырыбында республикалық оқушылар слетін, «Ұлттық құндылықтар» ауысымын өткізу, «Ұлттық тәрбие» тақырыбында «Өрлеу» ҰБАО және педагогикалық университеттер базасында біліктілікті жетілдіру курстарын, білім беру ұйымдары арасында байқаулар өткізу, «Атамекен» ұлттық тәлім-тәрбие бағдарламасының жаңа нұсқасы негізінде білім беру ұйымдары жанынан «Ұлттық құндылықтар хабын (технопаркін)» ұйымдастыру туралы ұсыныстар енгізсін;
6. Отбасындағы тәрбиені күшейту, ұрпақтар сабақтастығын орнықтыру, ұлттық педагогика қағидаларын, тәрбиелік ұстанымдарды ата-аналар мен жастардың сана-сезіміне ұялату мақсатында Академияның және Маслихаттардың Әкелер ұйымы, Аналар ұйымдарымен ықпалдастығын нығайту көзделсін;
7. Ұлттық құндылықтар академиясы, Алматы облыстық білім басқармасы, Кеген ауданының Маслихаты бірлесіп ұлттық құндылықтарды қоғамдық ортада дәріптеу, оқу-тәрбие процесіне енгізу бойынша өңірлік тәжірибелері негізінде подкасттар, қысқа метражды бейне таспалар, видороликтер, әдістемелік топтамалар әзірлеу ұсынылсын;
8. Ұлттық құндылықтар академиясына ҚР Ақпарат және мәдениет министрлігінің Қоғамдық даму институтымен, бұқаралық ақпарат құралдарымен бірлесе отырып, балалар мен жастардың әдептілігі мен қарым-қатынас мәдениетін көтерудің, салауатты өмір салтын құрудың, деструктивтік діни ағымдардың ықпалынан сақтандырудың педагогикалық-психологиялық әдістемелері мен тәсілдерін кеңінен насихаттау, балаларға арналған әдебиеттер мен электрондық құралдардың әдістемелік нұсқаулықтардың санының артуына ықпал ету ұсынылсын.
9. Ұлттық құндылықтар академиясына ұлттық құндылықтарды Қазақстанның орнықты дамуының, ұлттың жаңа сапасын қамтамасыз етудің шешуші факторы ретінде зерделеуге, өмірлік тәжірибеге енгізу жолдарын айқындауға бағытталған гранттық немесе бағдарламалық-мақсаттық жобалар әзірлеу ұсынылсын.


ПІКІР ЖАЗУ