ТҮРКІСТАН: көптеген шәкірт тәрбиелеп, ұлттық спортқа баулып жүр
Тоғызқұмалақ – әлемдік мәдениеттің кез келген үлгілерімен бой теңестіре алатын зияткерлік ойын. Қазақтың ұлттық ойыны соңғы жылдары ерекше дамып келеді. Осы мақсатта бүгін Түркістан қаласындағы Этноауылда тоғызқұмалақ аллеясы ашылды. Енді қала қонақтары мен тұрғындары ашық аспан астында ойнай алады.
Бұл бастамаға Дүниежүзілік Көшпенділер ойынын қолдау мақсатында Түркістанның тумасы, Тоғызқұмалақ федерациясының вице-президенті Мақсат Раманқұлов ұйытқы болып, облыс орталығына сый жасады.
Дүниежүзілік және Республикалық Тоғызқұмалақ федерациясының Президенті, қоғам қайраткері Әлихан Байменов өз сөзінде бұл шара зияткерлік пен дәстүрді тоғыстыратын тоғызқұмалақ спорт түрінің рухани шаһарда қарқынды дамуына жол ашады деді.
Іс-шарада Әлихан Байменов Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаевпен тоғызқұмалақ тақтасында кездесіп, ұлттық спортқа қолдау көрсетті.
Шара барысында алғашқы сайысы ұйымдастырылып, жеңімпаздарға арнайы сый-сияпат ұсынылды. Алдағы күндері төрт тоғызқұмалақ тақтасы орнатылып, ел игілігіне беріледі.
Айта кетейік, Түркістанда былтыр ашылған Балалар және жасөспірімдер спорт клубында қазақ халқының мұрасына айналған тоғызқұмалақ үйірмесі бар. Мұнда бір жаттықтырушы көптеген шәкірт тәрбиелеп, ұлттық спортқа баулып жүр.