ТҮРКІСТАН: Жетісайда жыл соңына дейін тағы 90 үй тапсырылмақ
Жетісай ауданында тұрғындарға жыл басынан бері 167 әлеуметтік тұрғын үйдің кілті табысталған. Енді жыл соңына дейін тағы 90 пәтердің кілтін тапсыру жоспарланып отыр. Нақтырақ айтар болсақ, бүгінде Асықата кентінде 3 қабатты 54 пәтерлі, Қазыбек би ауылдық округі Қазыбек би елді мекенінде 2 қабатты 16 пәтерлі және Ш.Ділдәбеков ауылдық округінің Қызыл таң елді мекенінде 2 қабатты 16 пәтерлі арендалық тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Аудан әкімі Серік Мамытов жұмыс кестесі аясында аудандық мәслихат депутаты Марат Ділдәбековпен бірге Қызыл таң елді мекенінде болып, тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстарымен танысты. Кәсіпкермен кездесіп, атқарылған жұмыстардың барысын, сапасын көрді.
«Құрылыс НҰРТАС» ЖШС құрылыс жұмыстарын жүргізіп отырған 2 қабатты 8 пәтерлі 2 тұрғын үйдің жалпы аумағы 960 шаршы метрді құрайды. Мамырда басталған құрылыс жұмыстары қазан айында тапсырылады деп жоспарланып отыр. Бүгінде негізгі құрылыс жұмыстары толығымен аяқталып, қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген. Жүргізілген жұмыстардың сапасына сенімді болу мақсатында отандық өнімдер пайдаланылған. Аталмыш тұрғын үйлердің ауласында талапқа сай балалардың ойын алаңшалары мен автотұрақ та іске қосылатын болады.
«Жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстары барысында сапаға айрықша көңіл бөліңіздер» деді аудан басшысы.
Бұдан бөлек «Жайлы мектеп» жобасы аясында Асықата кентінен 900 орындық, Жетісай қаласынан 1500 орындық, Ынтымақ ауылдық округінен 600 орындық мектептердің және 2 амбулатория мен 4 фельдшерлік-акушерлік пункт құрылысы жүргізіліп жатса, 1 мектеп күрделі жөндеуден, 5 мектеп пен 3 балабақша ағымдағы жөндеуден өтуде. 6 мектептің жылыту қазандықтарын қатты отыннан табиғи газға қосу жоспарланған. Сондай-ақ Қарақай ауылдық округіндегі Сәтпаев, Жаңа ауыл ауылдық округі Мырзашөл елді мекендеріндегі мәдениет үйлері күрделі жөндеуден өтуде.