Астанадағы көшпенділер әлемінде Түркістан облысының мәдени-туристік әлеуеті таныстырылып жатыр

0

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында құрылған қазақ ауылына келушілер қатары көп. Бір апта бойы өңірлердің киіз үйіне келген қонақтарға қазақтың ұлттық салт дәстүрлерімен қатар, бай тарихы таныстырылып жатыр.

Түркістан облысының киіз үйлеріне ҚР Парламент Мәжілісінің депутаттары Жанарбек Әшімжан, Қазыбек Иса бастаған ел ағалары, Түркі елдерінің Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, ақын Мақпал Мыса сынды қаламгерлер және т.б. еліміздің зиялы қауым өкілдері, сонымен қатар шетелдік БАҚ өкілдері мен туристер де бас сұғып, тарихи мұрамызбен танысуда.

12 қанатты киіз үйде Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейі 375 дана этнографиялық құнды жәдігер қойған. Олардың қатарында құнды жәдігер Кенесары ханның қылышы, сонымен қатар киіз үйдің жиһаздары, әшекей бұйымдар, қару-жарақтар, кесе қаптар т. б жәдігерлер бар.

Түркістан облысының тағы бір киіз үйі ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрып көріністеріне арналған. Мұнда Отырар халық театры «Беташар» дәстүрінен бөлек, дәстүрлі және халық әндерін шырқауда. Ұлы композитор Шәмші Қалдаяқовтың туындыларын көпшілік қосыла шырқап, ризашылықтарын білдіріп жатыр.

Келесі киіз үйде өңірдің өнімдері мен туристік әлеуеті таныстырылып жатыр. «Open Turkistan» туристік ақпараттық орталығы «Шығыс базары» көрмесін көпшілік назарына ұсынуда. Онда үздік кәсіпкерлердің тауарлары мен қолөнершілердің бұйымдары қойылған. Сонымен қатар облыстағы ірі қонақүйлердің ақпараттық топтамалары да жарнамаланып жатыр.

Бұдан бөлек, түркістандық қолөнер шеберлері өз бұйымдарын арнайы көрме-жәрмеңкеде көпшілік назарына ұсынып жатыр. Елімізден бөлек, шетелдік қонақтарымыз өңір тарихымен танысып, қызығушылық білдіріп жатыр.

Айта кетейік, Астанадағы V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 8-13 қыркүйек аралығында өтеді. 7 қыркүйектен бастап Этноауылдағы «Көшпенділер әлемі» өз жұмысын бастап, дархан даланың мұрасын көпшілікке таныстырып жатыр. Бүгін Ұлы дала дүбірінің жабылу салтанаты өтпек.


ПІКІР ЖАЗУ