Медициналық-құқықтық көмек алған қазақстандықтар саны 50 мыңға жуықтады

0

Бүгінде еліміздің шығысында сапарын жалғастырудағы «Саламатты Қазақстан» пойызының медицина қызметкерлері өткен апта, яғни 26 тамыз бен 1 қыркүйек аралығы тегін түрде 613 адамның денсаулығын қараса, олардың 180-і бала болып отыр. Жылдымалы құрамдағы медиатор мен заңгер мамандар болса, тиісті мерзімде әлеуметтік-еңбек құқығы мәселелері бойынша Шығыс Қазақстан мен Абай облыстарының 177 тұрғынына ақысыз кеңес берді.

​Мамыр айының басында сапарға шыққан пойыз ұжымы бұған дейін Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қостанай, Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарында болды. 44610 қазақстандықты (оның ішінде 13034 бала) медициналық қызметпен қамтыған дәрігерлер еңбегінен тыс, медиатор мен заңгер 2431 арызды қарастырып, жергілікті азаматтардың құқықтық, еңбек кикілжіңдерін шешуге күш салды. Мәселен Ауыл, Белағаш, Тишинская және Черемшанка станцияларында пойыз заңгерлері көпбалалы отбасыларға, мүгедекті бар адамдарға, зейнеткерлерге қол ұшын созып, мұрагерлік, шипажайда емделу, шағын қаржы ұйымдарына берешек, зейнетақыны алдын ала есептеу, алимент, мүлікті бөлу, салық есебін тапсыру, еңбек даулары бойынша арыз-шағымдарды зерделеді.

Пойыз вагондарында қабылдау 13:00-14:00 түскі үзіліспен сағ. 09:00-18:00 аралығында жүргізіледі. Азаматтарда өздерімен бірге жеке куәлігі болса жеткілікті.

Осы орайда 3 қыркүйек Алтай, 10 қыркүйек Таусамалы бекетінде пойыз жанында демеушілердің қолдауымен арнайы концерттер өтеді. Жергілікті тұрғындарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлайтын аталған ән-шашулар барысында Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының әртістері өнер көрсетеді. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі ұсынған, «Samruk-Kazyna Trust» қоры қаржыландыруды қолға алған тиісті концерттер легі өңірлерде жыл аяғына дейін жалғасады.


ПІКІР ЖАЗУ