Ордабасы ауданында республикалық референдум бойынша семинар өткізілді
Түркістан облыстық аумақтық референдум комиссиясының бекіткен жоспарына сәйкес, 2024 жылғы 13 қыркүйекте Ордабасы аудандық аумақтық референдум комиссиясының ұйымдастыруымен оқыту семинар өткізілді.
Семинарға аудан әкімі аппаратының басшысы Ж.Кадиев, аудандық аумақтық референдум комиссия мүшелері және учаскелік референдум комиссияларының төрағалары, төраға орынбасарлары мен хатшылары қатысты.
Ордабасы аудандық аумақтық референдум комиссиясының төрағасы М.Үкібас семинарға қатысуға келгендерге Түркістан облыстық референдум комиссиясының төраға орынбасары І.Қалановты таныстырды.
Аталған жиында облыстық референдум комиссиясының төраға орынбасары сөз алып референдум өтетін күні, атқарылатын жұмыстар бойынша байқаушыларды, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін тіркеу, қоғамдық бірлестік өкілдерімен, мүгедектігі бар азаматтармен жұмыс істеу және цифрлық құжаттармен жұмыс, сайлаушыларға дауыс беру бюллетеньдерін беру, үйден дауыс берушілермен жұмыс, дауыстарды санау жөнінде нұсқаулыққа сәйкес түсіндірді.
Семинарға 150-ден аса комиссия мүшелері қатысты. Оқыту өзара пікір алмасу, әрбір жағдайды жіті талдау бағытында өрбіді. Семинар қорытындысымен қатысушылар Республикалық референдумды ұйымдастыру және өткізу құқықтық негіздері бойынша тест тапсырды.