Ордабасы: 3 620 мың бүлдіршін үшін алғашқы рет қоңырау соғылды!!
Бүгін Ордабасы ауданының білім ордаларында алғашқы қоңырау соғылды. Жаңа оқу жылының басталуына орай Шұбарсу ауылындағы “Зерде” жалпы білім беретін мектебінде ұйымдастырылған салтанатты шараға аудан әкімі Азат Оралбаев арнайы қатысты.
Биылғы оқу жылында 66 мектептің 1-сыныбына 3 620 оқушы қабылданды.
Аудан басшысы өз уақыты мен мейрімімен қоса білім нәрін аямай, ұстаздық еткен барша ұстаздар қауымына алғысын білдіре отырып, оқушылар мен ата-аналарға құттықтауын арнады:
“Сіздерді келіп жеткен “Білім күні” мерекесімен шын жүректен құттықтауға рұқсат етіңіздер! Бұл күн баршаңыз үшін шоқтығы биік мереке. Өйткені, адам өмірінде қандай биіктерге жетсе де, бұның бәрі білімнің арқасында. Президентіміз Қасым-Жомар Кемелұлы Тоқаев: “Цифрлық дәуірдегі жаңа білім мен дағдылар жаңа буынның болашақ табысының кілті болып табылады”-деген. Еліміздің жарқын болашағы жас ұрпаққа терең білім беру мен ұлтын сүйер азамат етіп тәрбиелеу жолындағы ұстаздар қауымының қажырлы еңбегі деп білемін. Бүгінде мектеп табалдырығын аттағалы тұрған бүлдіршіндердің қадамдары сәтті болсын”- деді өз сөзінді.
Сондай-ақ, жиында аудандық мәслихат төрағасы Бақдаулет Жұмабеков пен ауыл қариялары жас ұрпаққа ұлағатты сөздерін арнады.
Салтанатты жиында білім күніне арналған мерекелік концерт ұйымдастырылып, мектеп бітірушілер атынан 1 сынып оқушыларына арнаған әліппе оқулығын табыстап, алғашқы қоңырау соғылды.
Жалпы 1-қыркүйектегі көрсеткіш бойынша жаңа оқу жылын ауданымыздың мектептері 37 740 оқушымен бастады.