Түркістанда шәкірті 42 елден шақырту алған ұстазға облыс әкімі көлік сыйлады
Бүгін, Түркістанда Ұстаздар күні мерекесі құрметіне “Ұстазыма мың алғыс!” атты салтанатты іс-шара өтті. Мерекелік жиынға Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды қатысып, білім саласында аянбай еңбек еткен ұстаздар қауымын кәсіби мерекесімен құттықтады.
– Құрметті ұстаздар! Баршаңыздың отбасыларыңызға – амандық, дендеріңізге – саулық, еңбектеріңізге табыс тілеймін. Мереке құтты болсын! Ұстаз – жай білім беретін мамандық иесі емес. Ол – екінші ата-ана, тәрбиенің де қайнар көзі. Бәріміз де ұстаздарға қарыздармыз. Сондықтан ұлағатты ұстаздардың алдында барлық адам құрметпен бас иеді, – деген Дархан Сатыбалды өңірдің білім саласында жеткен жетістіктермен де бөлісіп, елеулі еңбектің бәрі ұстаздардың қажырлы еңбегінің жемісі екенін атап өтті.
Өңір басшысы республикалық, облыстық олимпиада және спорт жарыстарының жеңімпаздарын дайындаған 30 мұғалімге өз атынан марапат ұсынып, арнайы сыйлықтар табыстады. Оның ішінде 10 ұстаз “Ы.Алтынсарин” төсбелгісі мен 20 педагог “Құрмет грамотасын” алып, 200 мың теңге көлемінде ақшалай сыйақымен ынталандырылды.
Көпшілікті таңғалдырған кеш тосын сыймен жалғасты. Дархан Амангелдіұлы айрықша еңбегімен көзге түскен ұстазды ерекше марапаттады. Шәкірті 42 елдің оқу орындарынан шақырту алған “Түркістан Білім-инновация” лицейінің география пәнінің мұғалімі Бастами Арғын Ержанұлына облыстың атын елімізден бөлек, әлемге танытқан ерен еңбегі үшін көлік кілтін табыстады. Оның шәкірті Ислам Әбдірахманов қазір АҚШ-та оқып жатыр. Бұдан бөлек, оқушылары республикалық олимпиаданың жеңімпаздары болған, өзі іскер, белсенді, облыстық, республикалық байқаулардың жүлдегері Төлеби ауданы, Қосан Мамытов атындағы мектебінің биология пәнінің мұғалімі, 6 баланың анасы Нұрилла Баймаханқызына ноутбук тарту етілді.
Ұстаздар қауымы көтеріңкі көңіл күймен арнайы жайылған дастарқанда қонақ болып, балалардың әзірлеген мерекелік концертін тамашалады. Өнерлі ұл-қыздар ән мен биден шашу шашты. Айта кетерлігі, Түркістан облысында жалпы 85 мыңнан астам педагог саналы ұрпаққа сапалы білім беріп келеді.
Айта кетейік, Түркістан облысындағы білім беру ұйымдарында 500 мыңнан астам бала білім алады. Республикадағы әрбір 7-ші оқушы Түркістан облысында. Жаңа оқу жылында өңірде 1-сыныпқа 52 мыңнан астам оқушы қабылданды.