ТҮРКІСТАН: Қазығұртта республика күніне орай ақындар айтысы өтті
Қазығұрт ауданында 25 қазан – Республика күніне орай жазушы, драматург, мемлекет және қоғам қайраткері, «Құрмет белгісі» орденінің иегері, ауданның Құрметті азаматы болған Қалаубек Тұрсынқұловтың 90 жылдығына арналған «Қазығұрт береке, бірлік бастауы» атты республикалық ақындар айтысы өтті.
Аламан айтысқа аудан әкімі Азизхан Исмаилов арнайы қатысты. Барша қонақтар мен көрермендерді, ақындарды мерейлі мерекемен құттықтады. Сондай-ақ, айтыс өнерінің дәрежесі биік, теңдессіз талантты талап ететінін сөзге тиек етіп, ақындарға сәттілік тіледі.
Жыр сайысына республиканың әр өңірінен келген от ауызды, орақ тілді 10 ақын қатысты. Олар айтыс өнері арқылы еліміздің егемендігі мен тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктерін, ұлттар мен ұлыстардың мызғымас татулығы мен достығын, қазақ халқының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын, түрленген, гүлденген Түркістанды және киелі Қазығұрт өңірін жырға қосып кеңінен насихаттады.
Бұл сөз бәйгесіне айтыскер ақын, сазгер, журналист Бекжан Әшірбаев, ақын, ҚР Мәдениет саласының үздігі, «Қазық жұрт» жыр жинағының авторы, айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің Халықаралық Одағының мүшесі Бекмұрат Анарбаев, ақын, дәстүрлі әнші-термеші, ҚР Мәдениет саласының үздігі Аязбек Рустамов, Қазақстан Журналистер одағының, Қазығұрт аудандық қоғамдық кеңестің мүшесі, ауданның құрметті азаматы Райымбек Айтубай қазылық етті.
Қазылар алқасының шешімімен Қарағанды облысынан келген Мақсат Аханов бас жүлдені иемденсе, жүлделі І орын Түркістан қаласынан келген Бекарыс Шойбековке бұйырды. Жүлделі ІІ орынды Алматы облысының ақыны Айым Амирханова, ІІІ орынды Астана қаласынан Иран-ғайып Күзембаев, Қызылорда облысынан Нұрмат Мансұр және Алматы қаласынан Нұрзат Қару еншіледі. Ал Түркістан облысынан келген Нұрлыбек Мейірманов, Нұрмахан Жақыпбек, Шымкент қаласынан Мейіржан Жарылқап және Қазығұрт ауданының ақыны Ерасыл Жақсыбек аудан әкімінің және басқа да арнайы жүлделермен марапатталды.