Түркістан облысындағы білім беру және мәдениет мекемелері жылу маусымына толық дайын
Түркістан облысындағы 1279 мемлекеттік білім нысанының 63-і орталықтандырылған жылу жүйесі арқылы, ал 1216 білім ұясы дербес жылыту қазандықтары арқылы жылытылады. Барлық білім нысанындағы жылу жүйелеріне 100% сығымдау жұмыстары жүргізілді, жылу маусымына дайын. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде өңірдегі білім беру және мәдениет нысандарының қысқы жылу маусымына дайындығы туралы баяндалды.
Дархан Сатыбалды жауапты тұлғаларға жылыту қазандықтарының жұмысын тұрақты бақылауда ұстауды, кемшіліктерге жол бермеуді тапсырды. Әлеуметтік нысандарды жылыту жұмыстарына немқұрайлы қарағандарға шара көрілетінін ескертті.
Түркістан облысы білім басқармасы басшының міндетін атқарушы Жандос Маханбетовтің айтуынша, 450 білім мекемесі қажетті 82 544,5 тонна қатты отынмен қамтылған. Сонымен қатар 42 білім мекемесіне қажетті сұйық отын жеткізуші мердігер анықталып, отын көлемі қойма сыйымдылығана қарай толығымен тасымалданды. Өңірдегі 720 білім беру нысаны табиғи газ арқылы, 4 білім беру мекемесі электр энергиясы арқылы жылытылады.
Бүгінде облыстағы 107 білім беру мекемесінің жылу жүйесін табиғи газға ауыстыру жұмыстары атқарылуда. Оған үнемделген бюджет қаржысы есебінен қажетті қаржы қаралған. Мемлекеттік сатып алу конкурсының нәтижесінде жеңімпаздар анықталып, тиісті жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі таңда 73 нысандағы жұмыстар аяқталды. Оның 70-сі газға қосылып, үш нысанның құжаттары дайындалуда. Қалған 34 нысанда жұмыстар жалғасып жатыр. Газ жүйесіне ауыстыру жұмыстары қараша айының 5-не дейін толық аяқталмақ. Бұл білім беру ошақтарында қатты отынмен жылытылатын 1 қазандық қалдырылып, қатты отынмен толық қамтамасыз етілген. Қазандықтар жылу беруге толық дайын.
Жиында Облыстық мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев мәдениет нысандарының жылыту маусымына дайындығы туралы баяндады. Оның айтуынша, облыста жеке жылумен қамтамасыз етілген 212 мәдениет нысаны бар. Барлық нысан жылу маусымына толық дайын.
Облыстағы мәдениет нысандарын жылыту үшін қажетті қатты отынның көлемі – 3179 тонна. Бүгінгі таңда барлық аудан, қала бойынша мемлекеттік сатып алу порталы арқылы анықталған мердігер мекемелер қатты отынды тасымалдау жұмыстарын толықтай орындады.
Мәдениет мекемелеріне қажетті сұйық отынның көлемі 377 066 литрге жоспарланған. Осы жылдың басында 51 616 литр тасымалданды. Қалған мөлшердегі сұйық отын қоймалардың сыйымдылығына байланысты және қажеттілігіне қарай тасымалданып тұрмақ.
Айта кетейік, өңірдегі 12 аудан, қалада жылу беру маусымы 15-21 қазан аралығында басталды. Ал, қалған 5 аудан, қалада жылу қазандықтары 1 қарашада қосылады. Түркістан облысы аумағында орналасқан әлеуметтік нысандардың қысқы жылу маусымына дайындығы тұрақты бақылауда.