ТҮРКІСТАН: Сарыағашта «Ханбибі оқулары» атты көркемсөз оқу шеберлерінің байқауы өтті
Бүгін Сарыағаш аудандық мәдениет үйінде жастар арасында Ханбибі Есенқарақызының 75 жылдық мерейтойына арналған «Ханбибі оқулары» атты көркемсөз оқу шеберлерінің байқауы өтті. Сөз сайысы қаламгердің шығармашылығын насихаттауға, шығармашылық қабілеттері мен эстетикалық талғамдарын, тұлғалық сезім мәдениетін дамытуға, сондай-ақ азаматтыққа бағытталған.
Аталған шараға аудан әкімі Арман Абдуллаев арнайы қатысты. Мерейтой иесін құттықтап, арнайы алғыс хатпен марапаттады. Байқау қатысушыларына сәттілік тіледі. Аталған шара 2015 жылдан бері туған жерінің мақтанышына айналған қаламгердің шығармашылығына арнап жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіледі.
Байқауға 17 үміткердің өтінімі қабылданып, іріктелді. Қатысушыларды сын сүзгісінен сөз өнерін жанымен ұғатын әділ қазылар алқасы, атап айтқанда Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Бақытжан Алдияр, ардагер ұстаз Асқар Байзақов, ақын Сұлухан Мыңбаева, ұстаз Жұмагүл Құмановалар тиісінше орындарды табыстады. Бас жүлдені Жібек жолы ауылдық округінен Нұрсая Оралбай, І орынды Әлімтау ауылдық округінен Нұрдос Тұрсынбай, ІІ орынды Жылға ауылдық округінен Айгүл Тоғызбаева, ІІІ орынды Жібек жолы ауылдық округінен Балауса Ергеш, ІІІ орынды Тегісшіл ауылдық округінен Рауана Аршабай жеңіп алды. Жеңімпаздар аудан әкімінің алғыс хаттарымен марапатталып, бағалы сыйлықтар табысталды.
Айта кетейік, Сарыағаш ауданының тумасы Ханбибі Есенқарақызы – ҚР Еңбек сіңірген қызметкері, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, «Парасат», «Барыс» ордендерінің иегері.