Жаңа дизайнмен номиналы 2 000 теңгелік банкноталарды айналымға шығады

0

Ұлттық банк  2024 жылғы 25 желтоқсанда 2024 жылғы үлгідегі жаңа дизайнмен номиналы 2 000 теңгелік банкноталарды айналымға шығарады. Бұл «Сақ стилі» жаңа сериясынан үшінші банкнота. Ол қазақы ою-өрнектің бастау негізі саналатын және көшпенділердің бірегей мәдениетінен бастап бүгінгі Қазақстанға дейінгі ел мұрасын бейнелейтін «Сақ стилі» элементтеріне негізделген.

Банкноталар жаппай қолданысқа 2025 жылдың екінші тоқсанында беріле бастайды. Себебі оларды еліміздің барлық аймағына жеткізу үшін және жабдықтарды (банкоматтар, терминалдар және басқа да кассалық техникалар) бейімдеу үшін қосымша уақыт қажет.

Ақша белгісінің дизайны мен формасы туралы

Банкноталардың түсі – жасыл.

Банкнотаның бет жағында:

– көкте қалықтап ұшқан құспен «Өмір ағашының» бұтағы (Есік қорғаны, б. д. д. 5-4 ғғ., Алтын адам бас киімінің бір бөлігі, табиғат пен наным байланысының қасиетті мағынасы);

– ДНҚ спиралін және адамның табиғатпен байланысын білдіретін ою-өрнекпен стильдендірілген шексіздік символы;

– артефакт – молшылық пен байлықтың символы ретінде мүйізді жануардың бейнесі (Қызылтоған қорғаны, б.з.д. 7-6 ғғ., Жетісу).

Артқы жағында

– ою-өрнекпен безендірілген қалқанның фонында ақбөкендер;

– «Қалқанды» бейнелейтін дөңгелек қазақ ою-өрнегі — құндылықтарды қорғаудың символы, ежелгі символ – әлемнің төрт қыры, орталықтағы күн белгісі Жасампаз энергия мен өмірдің символы ретінде.

Сондай-ақ, банкнотаның сырт жағында артефакт – ақбөкеннің басы бейнеленген (№4 қорған, б.д. д. 7 ғғ., Қазақстан, Торғай облысы Қостанай уезінің Данбар болысынан табылды). Банкнотаның ортасында фон ретінде қазақ ою-өрнегіндегі «шексіздік» контуры бар, оның ішінде Бурабай көлінің бейнесі бейнеленген.

Банкноталарды айырбастау және айналымда қатар жүру кезеңін белгілеу тәртібі туралы

Номиналы 2 000 теңгелік жаңа банкноталар 2024 жылғы 25 желтоқсаннан бастап айналымға енеді және 18 ай бойы айналыстағы 2012 жылғы үлгідегі 2 000 теңгелік ұлттық валюта банкноталарымен (бұдан әрі – ескі үлгідегі банкнота) ауыстырылады.

Яғни, ескі үлгідегі барлық банкнота бір жарым жылдың ішінде айналымнан біртіндеп алынады. Тиісінше, банкноталар айналымда қатар жүрген уақытта халыққа ескі үлгідегі банкноталарды екінші деңгейлі банктердегі немесе ҚҰБ филиалдарындағы жаңа банкноталарға айырбастаудың қажеті жоқ.

Жаңа және ескі үлгідегі банкноталардың айналымда қатар жүру кезеңі 2025 жылдың 25 желтоқсаннан 2026 жылдың 24 маусымына дейінгі аралықты қамтиды.

Ол кезең аяқталғаннан кейін, яғни 2026 жылғы 24 маусымнан бастап барлық банк пен Қазпоштада ескі үлгідегі банкноталарды 3 жыл ішінде, яғни 2029 жылғы 25 маусымға дейін жаңа үлгідегі банкноталарға айырбастауға мүмкіндік бар. Ал ҚҰБ филиалдарында мерзімсіз айырбастауға болады.

Жаңа үлгідегі (2024 жылғы) және ескі үлгідегі (2012 жылғы) банкноталар айналымда қатар жүретін кезеңде заңды төлем құралы болып саналады. Төлемдер мен аударымдардың барлық түрін жүзеге асыру үшін, банк шоттарына аудару үшін Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында оларды атаулы құнына қарай қабылдауға міндетті екенін атап өтеміз.

Олар еліміздегі ҚҰБ, Қазпошта және екінші деңгейлі банктердің барлық филиалында, сондай-ақ Қазақстандағы бейрезидент банктердің филиалдарында шектеусіз айырбасталады және ауыстырылады.


ПІКІР ЖАЗУ