Ордабасы: берілген тапсырмалар толықтай орындалуы керек!
Бүгін аудан әкімі Азат Оралбаевтың төрағалығымен кезекті аппарат мәжілісі өтті. Мәжіліске аудан әкімінің орынбасарлары, аппарат басшысы, бөлім, мекеме басшылары, ауылдық округ әкімдері қатысты.
Аппараттық мәжілістің күн тәртібінде үш негізгі мәселе қаралды:
2025 жылы бюджет есебінен орындалатын жұмыстардың барысы туралы аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Алтынай Сихымбаева аудан бюджетінің орындалуы және құрылыс жұмыстары, абаттандыру, ауыз су жүйелерін жүргізу, жолдарды жөндеу, табиғи газбен қамту және басқа да инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асу деңгейі туралы баяндама жасады.
Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, тұрғын-үй инспекциясы бөлімінің 2025 жылға арналған жоспарлары туралы бөлімнің сектор меңгерушісі Береке Омар алдағы атқарылатын жұмыстарды хабарлап өтті.
Бұл бөлім бойынша осы жылы бюджет қаржысына атқарылатын негізгі жұмыстар баяндалды. Оның ішінде коммуналдық қызметтерді жақсарту, табиғи газ, жолдарды дамыту және тұрғын үйге қатысты мәселелер қамтылды.
Көктемгі тал егу жұмыстарына дайындық барысы тал егуге арналған орындарды нақтылау, көшеттердің сапасын қамтамасыз ету, сондай-ақ оларды күтіп-ұстау мен суару жүйелерін ұйымдастыру бойынша дайындық жұмыстары талқыланды.
Сонымен қатар, Аппарат басшысы Жұманәлі Кадиев мәжіліс барысында облыс әкімінің төрағалығымен, аудан әкімінің өткен жиындарда берілген хаттамалық тапсырмалардың орындалуы бойынша баяндама жасады.
Жиын барысында аудан басшысы жоспарлы жұмыстарды мерзімінде іске асыру үшін қажетті шараларды тиісті деңгейде ұйымдастырудың маңыздылығын айтып, «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының өз деңгейінде орындау туралы жауапты бөлім басшылары мен ауыл округтерінің әкімдеріне нақты тапсырмалар жүктеді. Тапсырмалар орындалмаған жағдайда сала басшыларына тәртіптік жауапкершілікке тартылатынын қатаң ескертті.