Сайрамдық волейболшы жасөспірім жігіттер Шымкенттегі турнирде чемпион атанды

2025 жылдың 4-7 қаңтар күндері аралығында, Шымкент қаласында «VOLLEYBALL KIDS» волейбол мектебінің ұйымдастыруымен, волейболдан 2007-2008, 2009-2010 жылдары туылған жасөспірім ұлдар және қыздар арасында «WINTER CUP» республикалық турнирі өтті. Дүбірлі жарысқа еліміздің түкпір-түкпірінен келген 14 команда қатысып, бақтарын сынады.
Бәсеке барысында «Ақсу Жекпе-жек спорт клубының» шәкірттерінен құралған «Сайрам» командасы 2025 жылдың алғашқы ірі республикалық турнирінде өңіріміздің намысын қорғады.
Үш күнге жалғасқан турнир қызықты әрі тартысты өтті. Әрбір команда жарысқа ерекше жауапкершілікпен әрі үлкен дайындықпен келген.
«Ақсу жекпе-жек спорт клубының» шәкірттері алғашқы күннен көш бастады. Ал екінші күні турнирдің финалдық кезеңіне жолдама алып, чемпиондық атаққа жақындады. Үшінші күні олар өздерін толық көрсете білді. Ақтық бәсекеде қарсыластарын айқын басымдықпен жеңіп, республикалық турнирдің чемпионы атанды.
Сондай-ақ жарыста Азаджан Юлдашбеков «Үздік ойыншы», ал Шукурулла Убайдуллаев «Турнирдің ең бағалы ойыншысы» номинацияларымен марапатталды.
Жасөспірім спортшыларымызды жарыс жолында жеңіске жетелеуде жаттықтырушылары Кабулжон Эгамбердиев, Нематжон Насиридинов, Илхам Файзуллоевтардың еңбектері ерекше.