Сайрамдағы жолдар жаңаруда

Сайрам ауданында соңғы жылдары бірқатар әлеуметтік нысандардың құрылысы жүріп, оның бірнешеуі өңір халқына табысталып та үлгерді. Соның бірі жол құрылысы соңғы жылдары әсіресе ауылдарда қарқын алып, сапасы сын көтермейтін бірқатар көшелер ой-шұқырдан арылды.
Атап айтқанда өткен жылы Сайрам ауданының орталығынан өтетін облыстық маңызы бар КХ-3 «Көксәйек-Ақсу-Шаян-Шынбұлақ» автомобиль жолының 25,5 шақырым аралығы мен 33,8 аралығының күрделі жөндеу жұмыстары бастау алды. Аталған жол құрылысы биыл аяқталады.
Сонымен қатар, өткен жылы аудандық маңызы бар КХ-40 «Ақсу-Манкент-Жібек жолы» автомобиль жолына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілсе, ұзындығы 26,3 шақырымды құрайтын аудандық маңызы бар 5 көшеге орташа жөндеу жұмыстарына қаржы қаралды. Қазіргі таңда Қарасу ауылдық округіне қарасты Ақбай ауылы орталығындағы 1 аудандық жол қабылданып, қалған 4 жол құрылыс жұмыстары 2025 жылға өтпелі.
2024 жылы аудандағы елді мекендердің көшелеріне «Ауыл-Ел бесігі» бағдарламасы аясында тиісті қаржы бөлініп, 60 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуі жоспарланған. Нәтижесінде өткен жылы 55,5 шақырымды құрайтын 45 көшенің құрылысы аяқталса, биылғы жылға өтпелі болған 15 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
Жол көлік оқиғасының алдын алу және аудандағы жолдардың жақсы және қанағатты жағдайдағы үлесін артыру мақсатында аудандық маңызы бар 6 жолдың, ішкі 26 көшенің орташа жөндеу жұмыстарына қаржы қарау бойыша салалық басқармаға ұсыныс енгізілді.
Айта кетейік, Сайрам ауданындағы жалпыға ортақ пайдаланымдағы автомобиль жолдары және елді мекен көшелерінің жалпы ұзындығы 1298,1 шақырымды құрайды. Оның ішінде облыстық маңыздағы жолдар — 183,9, аудандық маңыздағы жолдар – 140,5, елді мекен көшелері – 951,7 шақырым.