Сайрам ауданы 100 пайыз газбен қамтылады

0

Халықты табиғи газбен қамту – кез келген аймақтың дамуы үшін өте маңызды. Ол өңір экологиясын едәуір жақсартып қана қоймай, тұрғындар үшін жайлы өмір сүру жағдайын қамтамасыз етеді.

Бүгінгі таңда Сайрам ауданында газдандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Қазіргі таңда аудандағы 42 елді мекеннің 37-сі табиғи газбен қамтылған. Ақарыс және Оймауыт елді мекендерінің табиғи газ жүйелерінің құрылысы аяқталған. Бұл елді мекендер Құтарыс — Қызалжар елді мекендерінің құбыры арқылы қосылуына байланысты  құрылысы жұмыстары аяқталғаннан кейін қосылатын болады. Өткен жылы аудандағы елді мекендерді табиғи газбен жабдықтау саласы бойынша облыстық бюджет есебінен тиісті қаражат бөлініп, Көлкент, Құтарыс және Қызылжар елді мекендерінде құрылыс жұмыстары жүргізілуде.

Аталған ауылдардағы құрылыс жұмыстары аяқталған жағдайда аудан бойынша газбен қамтамасыз ету көрсеткіші 100 пайызға жетеді. Айта кетейік, барлық елді мекендерге газ тарататын 3 дана газ таратушы станция бар. Нақтырақ айтсақ, Ақбұлақ ауылында орналасқан «Самсоновка» ГРС, Жібек жолы ауылында орналасқан «Свердлов» ГРС, Нұржанқорған ауылында орналасқан №20 «Жаңақоғам» АГРС.

Сонымен қатар, елді мекендерге тұрақты ауыз су беру үшін өткен жылы Сайрам ауданындағы 14 нысанға аудандық бюджет есебінен қаржы қарастырылып, бүгінгі таңда нысандардың құрылысы аяқталған. Облыстық бюджет есебінен Жібек жолы ауылының ауыз су құрылысы аяқталып, 2 нысан ағымдағы жылға өтпелі болып табылады. Жібек жолы ауылындағы су құбыры желісін күрделі жөндеу жұмыстары «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы арқылы  жүзеге асуда. 

Бүгінгі таңда құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталып, тұрғындарға ауыз су тұрақты берілуде. Сондай-ақ, Қарабұлақ ауылының ауыз су жүйесінің құрылыс жұмыстары өндірістік кестеге сәйкес жүргізілуде. Биыл Арыс ауылдық округіне қарасты Нұржанқорған және Қожақорған ауылдары  ауыз су құбырларын салу жұмыстары аяқталмақ.


ПІКІР ЖАЗУ