Сауран ауданында қоғамдық ұйым төрағаларымен жиын өтті

Бүгін Сауран ауданында қоғамдық ұйымдардың төрағаларымен кезекті жиын өтті. Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров төрағалық етіп, жүргізіп отырды. Ресми жиынға аудандық мәслихат төрағасы Сержан Байспаев, «Amanat» партиясының аудандық филиал төрағасы Сағынбек Асылбеков, қоғамдық ұйым төрағалары, бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері мен ауданның дін өкілдері қатысты.
Күн тәртібінде екі негізгі мәселе қаралды. Алғашқы мәселе бойынша 2025 жылы өткізілетін іс-шаралар туралы ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұрғазы Тажыбеков баяндама жасады. Ол 2025 жылы аудан деңгейінде өткізілуі жоспарланған мәдени, әлеуметтік және саяси іс-шаралардың жоспары туралы мәлімет беріп, дайындық жұмыстарының қалай жүргізіліп жатқанын айтып өтті.
Екінші мәселе — қоғамдық-саяси ахуал жағдайы туралы болды. Ауылдық округ әкімдері өз баяндамаларында ауданның қоғамдық-саяси ахуалына қатысты жағдайды, тұрғындармен байланыс орнату, қоғамдық мәселелерді шешудегі белсенділікті арттыру шараларын атап өтті. Жиын барысында аудан әкімі Мақсат Таңғатаров барлық қатысушыларға ауданның қоғамдық-саяси ахуалы мен 2025 жылы жоспарланған іс-шаралар туралы маңызды мәліметтерді тыңдап, ұсыныс-пікір алмасты.
«Біз ауданымыздың дамуына қатысты әрбір ұсыныс пен пікірді назарға ала отырып, бірлесе жұмыс істеуіміз қажет. Қоғамдық ұйымдар мен белсенді азаматтар біз үшін өте маңызды. 2025 жылы өткізілетін іс-шараларды ұйымдастыруда әрбір азаматтың, әрбір ұйымның қатысуы біз үшін өте маңызды», – деді Мақсат Таңғатаров.
Аудан әкімі сондай-ақ, қоғамдық ұйымдармен ынтымақтастықты нығайту, ауданның қоғамдық-саяси ахуалын тұрақты әрі үйлесімді ұстау үшін бірлескен жұмыстарды күшейту қажеттігін атап өтті. Жиын соңында әрбір бөлім басшыларына, ауылдық округ әкімдеріне және қоғамдық ұйымдар төрағаларына нақты тапсырмалар берді.