Сайрам: жаттықтырушылар еркін күрестің еңсесін көтеруге күш салып жүр

Ауданымызда спорт саласының дамуына айтарлықтай үлес қосып келе жатқан спорттық нысандар қатары артуда.
Сөзіміздің дәлелі ретінде аудандық Мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөліміне қарасты «Ақсу Жекпе-жек спорт клубы» коммуналдық мемлекеттік мекемесін атап айтуымызға болады.
Бүгінде аталмыш оқу ордасында білікті бапкерлер жалпы 236 спортшының салауатты өмір салтын сақтауына белсене атсалысып жүр. Бос уақытын тиімді әрі пайдалы өткізетін жастардың шеберлігі аудан, облыс, республика көлеміндегі байқаулармен шектелмей, тіпті халықаралық, әлемдік ареналарда да байқалады.
Оның ішінде, 2022-2024 жылдар аралығында 20 оқушы — І орын, 21 оқушы — ІІ орын, 44 оқушы — ІІІ орынды олжалады.
Солардың бірі, Қалдыбек Иманғали Ерболұлы 2023-2024 жылдары Талдықорған, Тараз қалаларында өткен жастар, ересектер арасындағы еркін күрестен Қазақстан Республикасы чемпионатында, Иордания елі, Амман қаласында өткен Әлем чемпионатында жүлделі І, ІІІ орындардың иегері атанды.
Қазіргі таңда ерекше тактикалық және психологиялық дайындықты қажет ететін еркін күреске қызығушылық танытқан жастар жетерлік.
Сайрам ауданы мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөліміне қарасты «Ақсу жекпе-жек спорт клубы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде «Еркін күрес» бөлімінің жаттықтырушылары Думан Бердалиев, Ильяс Рыстаев, Нұрғали Әбілдаев, Бахтыбай Утегенов, Досхан Юсупалиев, Әріп Нұржігіт, Мұратбек Жансерік, Нұрымбет Атабекұлы жасөспірімдерге еркін күрестің қыр-сырын үйретуде.
Жаттығу барысында әрбір техника мен тактикаға айрықша назар аударып, жасөспірім палуандардың физикалық дайындығын шыңдауға атсалысып жүр.
Жаттықтырушылардың басты мақсаты – әрбір баланың өз әлеуетін толық аша білуіне қолдау көрсетіп, оларды болашақ чемпиондар ретінде тәрбиелеу.
Осындай білікті бапкерлеріміз барда ауданымыздағы бұқаралық спорт түрі алға қарыштап, спортшыларымыз талай дүбірлі додаларда дараланатыны сөзсіз.