Сайрам: төтеншеліктер өмірлік қиын жағдайдағы балаларға өрт қауіпсіздігі қағидалары жазылған тәттілер таратты
Сайрам аудандық Төтенше жағдайлар басқармасы мен №23 өрт сөндіру бекеті қызметкерлерінің кәсіби қызметтері кішігірім қайырымдылық іспен көрініс тапты.
Нақтырақ айтқанда, төтеншеліктер Сайрам ауданы, Қайнарбұлақ ауылдық округі, Қасымбек Датқа ауылында орналасқан «Түркістан облысының арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесіндегі жасөспірімдерге өрт қауіпсіздігі қағидаларын сақтау туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Шара барысында төтеншеліктер балалардың өрт сөндіру саласына деген қызығушылықтарын арттыру, болашақтарын осы мамандықпен байланыстыру мақсатында оларға өрт сөндіру ойыншық машиналарын сыйлады.
Бұдан бөлек, естерінде ерекше сақталуы үшін сыртында тілсіз жаудан қорғану қағидалары жазылған түрлі тәттілер таратты.
Және өрт қауіпсіздігі туындаған жағдайда қорғану әрекеттерін, техникалық құралдарын көрнекі түрде көрсетіп, оларды қолдану тәсілдерін түсіндірді.
Сонымен қатар, өрт қауіпсіздігі қағидаларын қатаң сақтау қажеттілігін атап айтты.