Сауран: аудан әкімі төтенше жағдайлардың алдын алу шараларын бақылады

0

Аудан көлемінде қысқы-көктемгі су тасқыны мен селдің алдын алу бойынша жұмыстар жүйелі түрде атқарылуда. Аудан басшысы Мақсат Таңғатаров Үшқайық ауылдық округінде болып, су тасқынының алдын алу шараларын тексеріп, арнайы бақылау жүргізді. Ауданда осы бағыттағы жұмыстар үнемі бақылауда және барлық қажетті шаралар қолға алынған.

Егін шаруашылығына пайдаланылатын арық-атыздарды тазалау және су тасқынының алдын алу жұмыстары да жергілікті ауылдық округ әкімдері тарапынан тұрақты түрде жүзеге асырылып отыр. Бұл жұмыстар аудан әкімі тарапынан жіті қадағаланып, әрбір елді мекен үшін қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында жүйелі түрде тексеріс жүргізілуде. Қыс-көктем мезгілдерінде келетін тасқын судың елді мекендерге залал келтірмеуі үшін барлық алдын алу шаралары қабылдануда.

Үшқайық ауылдық округіндегі 12 шақырым арнаның табанын тазалау жұмыстары жүргізілді. Өзен арнасы толық жыңғыл ағаштарынан тазартылып, жалдарын көтеру жұмыстары атқарылды. Аталған ауылдық округтегі Теке елді мекенін төтенше жағдайдан сақтау мақсатында, елді мекенді айналдыра 750 метр қашыртқы қазу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде, «Қарашық» өзенінің артық сулары қашыртқы арқылы тасталып, Теке елді мекенін су басу қауіптілігі төмендеді. Сонымен қатар, Теке арық, Бел арық, Оман арық, Жалаңтөс, Шолақжарма тоспаларына орташа және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Аудан бойынша су тасқынына қарсы қажетті техникалар мен инертті материалдар да жеткізілген. Тұз, құм, қаптар және техникалар толықтай дайындалған. Сауран ауданында атқарылып жатқан жұмыстар тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін маңызды әрі уақытында қолға алынған.


ПІКІР ЖАЗУ