Келес: ауыл халқының алғысына бөленген медбике

Еңбек адамының мәртебесін көтеру мақсатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар» жылы деп жариялаған болатын. Сол себепті елімізде кәсібінің нағыз мамандарын ынталандыру үшін жаңа наградалар да пайда болды.
Ауыл – аймақтың алғысына бөленген медицина маманы Эльмира Төлебаеваның 6 перзенті бар. Көпбалалы ана Келес ауданындағы Біртілек дәрігерлік емханасында медбике болып жұмыс істейді. Медицина мекемесінде жалпы саны 40-қа жуық маман бар. Оның үшеуі дәрігер болса, 18-і медбике тұрғындардың денсауылығына жауапты.
15 жыл Көлтоған мектебінде медбике болып жұмыс істеген Эльмира Төлебаева 6 жылдан бері Біртілек ауылы халқының сүйікті учаскелік медбикесіне айналған. Еңбекқор маман өз аймағындағы 400 науқастың әрбіріне мейіріммен қарап, сауығып кеткенше уайымдайтынын жасырмайды. Жұмысына барынша берілген Эльмира кейде өз денсаулығына немқұрайлы қарайтын азаматтарды ұрсып алатынын да айтады.
— Бала күннен медицина маманы болуды армандап, бүгінде адамдардың денсаулығына жауапты маман атандым. Қиындығы мен қызығы қатар жүретін мамандық иесі атанып, елге қызмет ету мен үшін үлкен бақыт. Жауапты етіп бекітілген аумағымдағы тұрғындардың денсаілығын жақсарту жолында барынша еңбектенудемін, — дейді Эльмира Төлебаева.
Еңбек адамы Эльмира Төлебаева үйге шақыртуларға да күнделікті барады. Өз мамандығына құштар азаматша ауыл халқының алғысын алып жүр. Мәселен, Саяхат Қазақпаева мейірбикенің жұмысына ризашылығын білдірді. Оның айтуынша Эльмира жауапкершілігі мол, нағыз антына адал маман. Ауыл тұрғыны Жұмәділ Мейірбеков Эльмира Төлебаеваға алғыстан басқа айтарымыз жоқ деп ағынан жарылды.
Жұмысшы мамандықтар жылында еңбек адамдарының мерейін өсіру – негізгі міндет. Ал қызметіне адал жандар еш уақытта халықтың назарынан тыс қалмайтыны рас.