Сауран: «Тапсырмалар мерзімінде әрі сапалы орындалуы қажет»

Сауран ауданы әкімі аппаратының апталық мәжілісі өтіп, жиынға аудан әкімі Мақсат Таңғатаров төрағалық етті. Күн тәртібінде үш негізгі мәселе қаралды. Аудан әкімі Мақсат Таңғатаровтың екінші жартыжылдықта тұрғындармен кездесулерінде көтерілген мәселелердің орындалу барысы талқыланды. Ұйымдастыру-инспекторлық бөлімінің басшысы Айдос Байжанов бұл мәселелер бойынша атқарылған жұмыстарды баяндады. Оның айтуынша, бірқатар оң шешімдер қабылданғанымен, кейбір бағыттағы тапсырмалар уақытылы орындалмағанын айтты.
Сонымен қатар, аудан әкімінің жеке қабылдауында көтерілген мәселелердің орындалуы туралы құжаттандыруды қамтамасыз ету бөлімінің маманы Жандос Ален есеп берді. Ол тұрғындардың өтініштерінің орындалу барысын және оны қадағалау жұмыстарын атап өтті.
Жиынның соңғы мәселесі «Сауран-Су» МКК 2024 жылы атқарған жұмыстар туралы баяндама тыңдалды. «Сауран-Су» МКК басшысы Мұхит Пірімбетов ауыз суға қатысты атқарылған жұмыстарды айтты. Алайда, аудан әкімі аталған мекеменің жұмысына қатысты бірқатар сын ескертпелер айтты.
Мақсат Таңғатаров өз сөзінде аудан әкімдігі мен кәсіпорын басшысына жұмыстарын жеделдетіп, тұрғындардың сұраныстарын дер кезінде орындауға күш салуды тапсырды. Сонымен қатар, қоғамдық қабылдаулардағы өтініштер мен мәселелердің шешімін тездету қажеттігін ескертті. Мәжіліс соңында аудан әкімі нақты тапсырмалар беріп, әрбір бөлімнің жұмысын бақылауда ұстау керектігін жеткізді.