Түлкібас: аймақ басшысы мүгедектігі бар азаматтармен кездесті

0

Аудан басшысы Аскар Естибаев «Белсенді ұзақ өмір сүру» және «Тең қоғам» мекемесінің ғимаратында мүгедектігі бар азаматтармен кездесу өткізіп, өтініш-ұсыныстарын тыңдады.

Кездесуде, инватакси, медицина саласы мен халыққа қызмет көрсету орталығына және мемлекеттік әлеуметтік төлемдерге қатысты мәселелер көтеріліп, аудан әкімінің назарына алынды.

Саладағы қордаланған мәселелерді түртіп алған Асқар Сұлтанұлы, ерекше зәрулігі бар азаматтарға өзекті мәселенің бірі болып отырған инватакси бойынша кезең-кезеңімен шешу мақсатында биылдан бастап нақты шаралар қабылданатындығын жеткізіп, бұл бойынша алдағы жұмыс жоспарларымен бөлісті. Бұдан бөлек, басқосуда көтерілген барлық мәселе бойынша нақты жұмыстар атқарылатындығын атап өтті.

Айта кетерлік, бүгінгі таңда ауданымызда 5468 мүгедектігі бар азаматтар бар. Оларға мемлекет тарапынан абилитациялаудың және оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес санаториялық-курорттық емделу, протез-ортопедиялық бұйымдар, міндетті гигиеналық заттар, сурдо техникалық, тифло техникалық құралдармен, қол арбалармен қамту, жеке көмекші, ымдау тілі мамандарының көмегі және оңалту орталықтарына жіберу қызметі көрсетіліп келеді.

Сонымен қоса, өткен жылы «Еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» аясында 271 мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамту мақсатында әлеуметтік қолдаулар көрсетілген.


ПІКІР ЖАЗУ