Келес: ақжол ауылында 150 орындық оқу корпусы пайдалануға берілді
Келес ауданының Алпамыс батыр ауылдық округіне қарасты Ақжол елді мекеніндегі №18 С.Қожанов атындағы жалпы білім беретін мектебінің жанынан қосымша 150 орындық оқу корпус пайдалануға берілді. Тұрғындарды құттықтауға арнайы келген аудан әкімінің орынбасары Дәурен Сариев мектеп ұжымына шығармашылық табыс тіледі.
— Алпамыс батыр ауылдық округінің орталығы Ақжол ауылына жаңа білім нысанын салу қажеттілігі туындап тұрған болатын. Бала санының жыл сайын артуын есепке ала отырып ескі ғимаратты реканструкциядан өткізіп, мектептің теңгеріміне беріп отырмыз. Мұнда оқушыларға барлық жағдай қарастырылып, қауіпсіздік талаптары сақталған. Мектеп ғимаратында жаңа техникалармен жабдықталған оқу кабинеттері орналасқан, — деді Даурен Нұрланұлы.
Айта кетейік, аталған білім корпусының құрылысы өткен жылы бастау алып, бүгінгі таңда қолданысқа тапсырылып отыр. Құрылыс ғимаратына Келес ауданының құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі тарапынан тапсырыс берілген. Сондай-ақ Ақжол ауылында кіші ашық футбол алаңы да ел игілігіне табысталды.