Биыл Кентау қаласының 70 жылдығына ауқымды шаралар ұйымдастыру жоспарланған

0

Бұл бойынша Кентау қаласының әкімі Жандос Тасовтың төрағалығымен өткен жиналыста, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту, спорт және денешынықтыру бөлімінің басшысы Ж.Жақаев баяндаса, қалалық ішкі саясат бөлім  басшысы Б.Жорабеков биыл атқарылатын жұмыс жоспарлары жайында мәлімет берді.

Кентау қаласының 70 жылдық мерейтойын жоғары деңгейде атап өту мақсатында «70 жылға -70 іс-шара» аясында кешенді іс-шаралар ұйымдастырылмақ. Оның ішіне түрлі байқаулар мен жарыстар, сайыстар мен түрлі қызықты шаралар, кездесулер өткізілмек.

Қала әкімі Жандос Қалмырзаұлы баяндамашыны тыңдап, бірқатар мәселелерге тоқталды. Қаланың мерейтойына арналған шараға жүйелі, әрі нақты бағдарлама жасап, оның ішіне зиялы қауымдар мен қала жастары мен тұрғындарын қамтитын заманауи шараларды ұйымдастыру қажеттігі айтылды. Әлі де жоспарларды толықтыру керектігін тапсырды.

Сонымен қатар, салауатты өмір салтын ұстану мақсатындағы бұқаралық спортты дамыту жағы да аталып өтті.

Дене шынықтыру және спортпен тұрақты түрде шұғылданушы тұрғындардың үлесін жыл соңына дейін 42,0% жеткізуді қамтамасыз ету көзделген.

Қалалық ішкі саясат бөлімі тарапынан 70 жылдық мерейтойына арналған жоспар бойынша бірқатар ауқымды шаралар тізбесі ұсынылды. Қала басшысы іс-шаралар барысымен танысып, бірқатар тапсырмалар берді.

Қала жастарына рухани азық болар кездесулер мен әдет-ғұрпымызды дәріптейтін шараларды ұйымдастыру жайы айтылды. Жылдық жоспар барысын толықтай тыңдаған қала басшысы әлі де толықтырулар қажет екенін атап өтті. Бөлімге қарасты мекемелер тарапынан бірқатар ұсыныстар жолданып, бақылауға алынды.


ПІКІР ЖАЗУ